ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | Тоқаев: республикалық бюджеттің 46%-ы Ұлттық қордың трансфертінен тұрады  

    Фото Vlast.kz сайтынан

    Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 2017 жылғы 17 наурыз күнгі республикалық бюджеттің өзекті мәселелеріне орай өткен парламенттік тыңдауда республика бюджетінің 46%-ы Ұлттық қордан келетін трансферттен тұратынын айтты.

    Үкім: Жартылай шындық

    2016 жылы республикалық бюджетке түсетін жалпы түсімнің 45%-ы Ұлттық қордан келетін трансферттен тұрған.

    Ал 1% айтарлықтай айырма және 76,5 млрд теңгеге тең.

    Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы №972 Қазақстан Республикасының «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджеті туралы» заңын (30.12.2016 ж. өзгертулер мен толықтырулармен бірге) жүзеге асыру жөніндегі қаулысына сәйкес, республикалық бюджетке түсетін түсім 7 648 362 885 мың теңге болды, соның ішінде трансферттердің түсімі – 3 448 187 627 мың теңге, яғни ел қазынасына Ұлттық қордан түсетін үлес 45 пайыз болды.

    Алайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаржысын қалыптастыру және пайдалану концепциясының 4.2.тармағында көрсетілген шекті мөлшерден асып кеткені байқалады:

    трансферт
    Скрин egov.kz сайтынан

    Яғни, экономикалық өсім қарқынының төмендеуі және доллардың теңгеге шаққандағы бағамының 300 теңгеден 360 теңгеге дейін көтерілуі жағдайында кепілді трансферт көлемі 3,3 трлн теңгеден аспауы керек еді

    9,2 млрд АҚШ доллары * 360 = 3 312 000 000  мың теңге.

    Бірақ, Ұлттық қордан берілген трансферттің нақты мөлшерін алатын болсақ, 3 448 187 627 мың теңге доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 360 теңге болғанда 9,6 млрд АҚШ долларына тең.


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.