Криминал, бақылау, дағдарыс – миграция мен мигранттар туралы аңыздар

    Халықтың көші-қоны – концептуалдауға оңай бой бермейтін әлеуметтік күрделі үрдіс. Тіпті миграция сөзінің анықтамасының өзі ғылымда бір ізге түскен жоқ. Сондықтан да, миграцияның тұрмыста және саяси дискурста қарапайым, түсінікті әрі бір мағыналы сөз ретінде пайдаланылуы қызық көрінеді. Саясаткерлер, журналистер мен жалпы қоғамның бұл ұғымды жеңіл мағынасында немесе дұрыс қолданбауы кейбір тиімсіз саяси шешімдердің қалыптасуына алып келеді. Малика Тукмадиева әлемдік және Қазақстандық ақпарат айдынындағы мигранттар мен миграция туралы нарративтердің бірнешеуін талдап-сараптап, Factcheck.kz үшін арнайы материал әзірледі.

    1-аңыз. Мигранттар криминогендік жағдайды ушықтырады

    Зерттеулерге көз жүгіртсек, орташа есеппен алғанда, мигранттар байырғы халықтан қарағанда қылмыс жасауға әуес емес екенін байқаймыз. АҚШ ғылымдары 200-ге жуық америкалық қаланы зерттеген. Иммигранттар жергілікті америкалықтарға қарағанда аз қылмыс жасайды. Сонымен қатар, мигранттар көп шоғырланған қалаларда қылмыс деңгейі төмендеп жатыр деген түйін жасаған.

    Скриншот Zakon.kz

    ҚР Бас прокуратурасының мәліметтерінше, 2017 жылы тіркелген қылмыстық істердің 2,8%-дан аспайтын бөлігі ғана шет елдіктердің қолымен жасалған. Егер де осы қылмыстардың құрылымын қарасақ, бұл қылмыстардың 25%-ы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту, заңсыз миграция ұйымдастыру және шығарып жіберу туралы шешімді орындамау деген баптарға сәйкес келеді.

    Сонымен қатар, мигранттардың қатысуымен болған қылмыстар статистикасына полиция қызметкерлерінің мигранттарға олардың мәртебесіне қарай шектен тыс назар аударуы және күдіктенуі, мигрантарға қатысты соттың әділетсіздігі және мигранттар жасаған қылмыстарды жергілікті азаматтардың көп хабарлау ықтималдығының жоғары болуы секілді жағдайлар да әсер етеді.

    Дүниежүзінің ғалымдары мигранттардың мәртебесін заңдастыру қылмыс деңгейіне жағымды әсер етеді деген қорытынды жасап отыр. Қазақстандағы мигранттар арасындағы қылмыс көрсеткіштері миграцияның транзакциялық бағасының жоғары болуы – бюрократиялық кедергілердің көптігі, рәсімдердің күрделілі, жеке қауіпсіздіктің қажеттілігі және қиын логистика секілді жайттардың кесірінен жоғарылайды.

    2-аңыз. Заңсыз миграциямен күресте әкімшілік бақылауды күшейту тиімді

    «Заңсыз мигрант» деген терминнің өзі дұрыс емес әрі мигранттарды кемсітуге алып келеді. «Заңсыз» деген сөзді адамға қарата қолдану лингвистикалық жағынан да дұрыс емес. Себебі, жасалған қылмыс адамды «заңсыз» етпейді. Мұны жол қозғалысы ережелерінің бұзылуымен салыстыруға болады. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсіне тоқмаған жүргізуші «заңсыз» жүргізуші атанбайды. Елге келген немесе елде қалған адам ішкі заңдарды бұзғаны үшін «заңсыз» мигрант бола алмайды.

    Әкімшілік шараларды күшейту заңсыз миграцияның етек алуына кедергі келтіреді деген жаңсақ пікір. Еңбек миграциясының ресми арналары болмағанда, мигранттар шекарадан өз беттерінше өтуден бас тартып, түрлі «делдалдардың» көмегіне жүгінеді. Бұл жемқорлық деңгейінің артуына және мигранттарды елге заңсыз жолдармен кіргізуді ұйымдастырумен айналысатын қылмыстық элемементтердің күшеюіне алып келеді.

    АҚШ-тағы  Катон Институтының зерттеушілері 1949 жылдан бастап 2014 жылға дейін берілген жұмыс визалары мен мемлекеттік шекарадан заңсыз жолмен өткен әрекеттерді салыстырды. 50 және 60-жылдары Брасеро Бағдарламасы (мексикалық жұмысшыларға арналған уақытша иммиграциялық бағдарлама) жұмыс істеп тұрған тұста реттелмеген миграция деңгейі нөлге тең болды деген түйін жасаған.

    Бұл, әрине, мемлекет миграцияны басқармауы керек деген сөз емес. Зерттеуде миграциялық саясаттың өте қатал болмауы аяқасты миграцияға алып келмейді деген қорытынды жасалған. Ал жөнсіз әкімшілік бақылау шаралары сәтсіз болуы мүмкін. Жеке деректерді/болашақ мигранттардың тарихын тексеруге бағытталған саясат бақылауды күшейтуге балама бола алады. Мақсаты – қылмыстың сырттан келуіне жол бермеу және әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, еңбек және салық заңнамасын бұзған жағдайда, жұмысберушінің жауаптылығын күшейту.

    3-аңыз. Мигранттар жұмыс орындарын жергілікті халықтан алып қояды

    Ақпарат көзі: http://saran.gov.kz/ru/news/news-1144148809 // Источник: http://saran.gov.kz/ru/news/news-1144148809

    Дүниежүзі бойынша жүргізілген зерттеулердің көбі миграция еңбек нарығына өте қатты ықпал етпейді дейді. Алайда мигранттармен жұмыс орнын бөлісетін адамдар тобы үшін еңбек нарығына қандай да бір деңгейде қысым болуы мүмкін. Әсіресе, экономикалық құлдырау кездері қысымның күшеюі ықтимал.

    Экономика ғылымдарының  докторы Вячеслав Додонов 2004-2016 жылдары Қазақстандағы миграция көрсеткіштеріне, сонымен қатар ішкі миграцияға талдау жасады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстанның ірі қалаларында өмір сүріп жатқан мигранттар жұмыссыздық деңгейін көбейтпеген, өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейінің артуына ат салысқан.

    Мигранттар жергілікті азаматтар орналасуы мүмкін жұмыс орындарын алып қою мүмкін деген көзқарас экономикадағы жұмыс орындарының саны тіркелетінін дұрыс түсінбегендіктен  туындап отыр. Қуанышқа орай, барлығы оп-оңай емес.

    Миграция жергілікті халық арасындағы жұмыссыздықты арттырмайды, керісінше жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуі мүмкін.

    Біріншіден, мигранттардың арзан еңбегінен өндіріс үрдістері арзандайды. Демек, кәсіпорын үнемделген ресурстарды жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы басқа мақсатқа жұмсай алады.

    Екіншіден, мигранттардың өздері тауар және қызметтерді тұтынушы, инвестор мен кәсіпкер бола алады. Өздерінің экономикаға қатысуы арқылы жұмыс күшіне сұранысты арттырады. Осылайша, олар экономикадағы жұмыспен қамтылу деңгейінің артуына ықпал етеді.

    Одан бөлек, біліктілігі төмен мигранттар жергілікті азаматтар жасағысы келмейтін, орындаудан бас тартқан жұмыстарды жасайды. Мәселен, лауазымы төмен, айлығы аз жұмыстар, сонымен қатар  алыс аймақтардағы уақытша және маусымдық жұмыстар, аграрлық өнеркәсіп және т.б.

    4-аңыз. Білімді адамдардың елден кетуі және қайта оралмауы

    Ақпарат көзі: https://365info.kz/2018/01/utechka-mozgov-2-pochemu-begut-kazahi-kazahskie-smi/ // Источник: https://365info.kz/2018/01/utechka-mozgov-2-pochemu-begut-kazahi-kazahskie-smi/

    Соңғы жиырма жылда «білімділердің елден кетуі» ұғымын ғалымдар  қайта қарап шықты. Енді бұл сөз «білімділердің келуі» және «милардың айналуы» феномендерімен бірге жиі қолданылады.

    Елден кету білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл адам капиталының сапасына жағымды әсер етеді. Елден кеткісі келгендердің барлығының мақсаты орындала бермейді. Ал кеткендердің бөлігі әлемдік деңгейдегі жаңа дағдыларды елге жеткізуге және өзгелерде де үйрету мүмкіндігіне ие бола алмайды. Үндістандағы IT мамандардың Америкаға қоныс аударуы Үндістанда IT секторының дамуына ықпал етті, көптеген халықтың компьютер ғылымдарын зерттеуге ынтасы артты. Алайда, бәсекелестіктің жоғары болуынан олардың бір бөлігі ғана шет елге кетуге мүмкіндік алды. Қазақстанда бұл эффектіні соңғы он жылдықта ағылшын тілін меңгеруге бет бұрған адамдар санының  көбеюімен салыстыруға болады.

    Отбасы мүшелерінің біреуінің шет елге қоныс аударуы да ақша жіберіп және білімімен бөлісудің арқасында отбасының біліміне ақша құю қабілетін арттырады.

    Одан бөлек, таланттардың шетке ағылуы туралы айтқанда олардың туып-өскен еліндегі балама мүмкіндіктерді қарастырған абзал. Ол таланттарды дамыту, ашу және толықтай көтерілуіне жағдай жасау (мысалы, жоо түлектері арасындағы жұмыссыздық мәселесі). Басқа елге қоныс аударудың ең бірінші және негізгі себептерін, еңбек нарығындағы құрылымдық мәселелерді естен шығармау керек.

    Жалпы, әлемдік тәжірбиеде шет елге қоныс аударуға тосқауыл қою білікті мамандар үшін зиян. Мәселен, жаңа дағдыларды игеруге кедергі келтіреді және технология, сауда және инвестицияға қолжетімділікті шектейді. Сонымен қатар, жағымсыз нәтижені азайтатын және көші-қон үрдісінен пайда алатын құралдар бар. Мысалы, диаспораларды қатыстыру және бекемдеу, тарихи отанынан көшіп кеткен адамдармен байланысты үзіп алмас үшін екі елдің азаматтығын беруді енгізу.

    5-аңыз. Ішкі миграциядағы стихиялық сипат. Барлығы Астана мен Алматыға кетіп жатыр. Қазақстанда урбанизация тез жүзеге асады.

    Ақпарат көзі: https://www.zakon.kz/4880528-pochemu-kazahstanskaya-molodezh.html // Источник: https://www.zakon.kz/4880528-pochemu-kazahstanskaya-molodezh.html

    Миграция бақылауда ұстауға келмейтін үрдіс деген жиі кездесетін идеяға қарамастан, экономикалық миграция бизнес-циклдармен арақатынас орнату тенденциясына ие. Қазақстандағы урбанизация үрдісіне жасалған зерттеу нәтижелері әлемдік тенденцияны растайды. Яғни, мигранттардың көбі абыл-сабыл көшіп келмейді, олар еңбек нарығының сұранысына қарай жүреді. Миграция туралы шешім сирек жағдайларда импульсивті болады. Мигранттар көбіне таныстарының артынан ереді, яғни дос-жарандары жұмыс істеп жүрген жерлерге баруды жөн санайды. Алғашқы уақытта тұратын баспана мен жұмыспен қамтамасыз етілетініне сеніп барады.

    Қазақстанда урбанизация қарқынды дамып жатқаны байқалмайды. Қала халқы саны соңғы 13 жылда өзгерген жоқ. Урбанизация деңгейі 1990 жылдағы деңгеймен шамалас, 57%-ға тең. Алматы мен Астана қалада тұратын халықтың динамикалық өсімінің жеке ошағы саналады және жалпыреспубликалық тенденциядан шығып тұр.

    Сонда да, алматылықтар мен астаналықтардың қорқынышына қарамастан, ішкі мигранттардың көбі елордаға емес, өздерінің облыс орталықтарына баруды қалайды. Елдегі ішкі аймақтық миграция деңгейі аймақаралық миграция деңгейінен екі есе артық.

    6-аңыз. Әлемдік миграциялық дағдарыс

    Ақпарат көзі: https://www.inform.kz/ru/nursultan-nazarbaev-rasskazal-ob-opasnostyah-nekontroliruemoy-migracii_a3084870 // Источник: https://www.inform.kz/ru/nursultan-nazarbaev-rasskazal-ob-opasnostyah-nekontroliruemoy-migracii_a3084870

    БҰҰ мәліметінше, 2017 жылы әлемде 258 миллионға жуық мигрант болған. Ол әлем халқының 3,3%-нан сәл асады. Бұл – әлем халқының аз ғана бөлігі, Жер шары халқының көпшілігі қазір өздерінің туған елдерінде өмір сүріп жатыр.

    Шынымен де, халық көші-қонының өсуі алғашқы болжаммен салыстырғанда өте қарқынды жүріп жатыр. Сонда да соңғы 25 жылда дүниежүзі бойынша халықаралық мигранттардың орташа саны түбегейлі өзгерген жоқ. Мысалы, 1990 жылы бұл көрсеткіш 2,9% болған.

    Мигранттар деген кедей елдерден бай елдерге күнкөріс қамымен көшеді деген де жаңсақ пікір. Шындығында, халықаралық мигранттардың үштен бірі  дамушы елдерден дамыған елдерге қоныс аударады. Қалған үштен бірі – «экспаттардың», яғни дамыған елдерден келген мигранттардың шекара асуы.

    Түйін

    Миграция туралы сөз қозғағанда, біз мұның күрделі, қарама-қайшылыққа толы, әрдайым өзгеріп отыратын үрдіс екенін түсінуіміз керек. Егжей-тегжейлі зерттеулердегі мәліметтердің өзі тек қана дәл қазір және осы жерде ғана өзекті және бұл үрдістің барлық күрделілігін ескере алмайды. Сол себепті, БАҚ-тағы миграция туралы біржақты, көбіне жағымсыз әрі эмоциямен берілген пайымдарды сыни түрде қабылдау керек. Адамдар әу бастан-ақ қоныс аударған, бұл үрдіс әлі де жалғаса берері анық. Жағымсыз әсерінен бөлек, миграция – прогрестің негізгі қозғаушы күші болып қала бермек. Оның арқасында ел арасында білім алмасу жүреді, бай аймақтардан кедей аймақтарға ресурстар тасымалданады және де мәдениет дами түседі.


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.