Еуропаны қалай құтқарамыз?

    ЛОНДОН – Еуропа одағы дағдарып тұр. Соңғы он жылда кері кетеді-ау дегеннің бәрі шынымен кері кетті. Соғыстан кейін Еуропада бейбітшілік пен гүлденуге алып келген саяси жоба неге мұндай жағдайға ұшырады?

    Менің жас кезімде Жан Моннет бастаған арманшыл саясаткерлер Еуропа Көмір және болат қауымдастығын алдымен Еуропаның ортақ нарығына, содан соң Еуропа одағына трансформациялады. Менің қатарластарым сол процесті бар ынтасымен қолдады.

    Өз басым Еуроодақты ашық қоғам идеясының жүзеге асқан түрі деп бағаладым. Ол ортақ игілік үшін егемендігінің бір бөлігін құрбан еткен терезесі тең елдердің еркін одағы болды. Ашық қоғам ретіндегі Еуропа идеясы мені әлі де шабыттандырады.

    Бірақ, 2008 жылғы қаржы дағдарысынан кейін Еуроодақ жолынан жаңылған сияқты. Ол бюджет шығындарын қысқарту бағдарламасын қабылдады, бұл еуроны дағдарысқа ұшыратып, еуроаймақты қарыз берушілер мен борышкерлердің қарым-қатынасына айналдырды. Борышкердің мүмкіндігі жоқ екеніне қарамай, қарыз берушілер оларға талаптар қойды. Бұл еріктілік пен теңдік принциптерін тәрк ететін қарым-қатынас қалыптастырды, бұл Еуроодақ сүйенетін қағидаға мүлде қайшы.

    Соның кесірінен жастардың көбі қазір Еуроодақты жұмыс орындарын, қауіпсіз де жарқын болашағын тартып алған дұшпаны ретінде қарастырады. Популист саясаткерлер бұл ренішті өз мақсаттарына пайдаланып, Еуропаға қарсы партиялар мен қозғалыстар құрды.

    Бұдан соң 2015 жылы босқын нөпірі басталды Алдымен саяси қуғын-сүргін мен азамат соғысынан қашқан босқындардың ауыр тағдырына жанашырлық танытқанымен, олар әлеуметтік қызмет көрсетудің үзілуі салдарынан күнделікті өмірлеріне кесірі тигенін қаламады. Кейін олар биліктің дағдарыстан шығуға қауқарсыздығынан түңіліп кетті.

    Германияда осы жағдай қалыптасқанда әсіреоңшыл “Германияға балама” партиясы жылдам күш жинап, елдегі ең ірі оппозициялық партияға айналды. Жақында Италия да осындай жағдайды басынан кешірді, және оның салдары тіпті ауыр болды: Еуропаға қарсы “Бес жұлдыз” қозғалысы мен “Лига” партиялары билікті тартып алуға шақ қалды. Одан бері жағдай тіпті күрделіленіп кетті. Осы саяси хаостың дәл орта тұсында Италияда тағы бір сайлау болмақ.

    Шынымен, босқын дағдарысы бүкіл Еуропаны жаңылдырды. Қара ниетті басшылар тіпті ешқандай босқын қабылдамаған елдің өзінде оны пайдасына жаратты. Венгрияда премьер-министр  Виктор Орбан екінші сайлау науқанын Еуропаны, соның ішінде Венгрияны мұсылман босқындармен басып тастағалы жатыр деп маған өтірік жала жабуға негіздеді.

    Орбан қазір өзін Еуроодақтың құрылуына негіз болған басты құндылықтарға қарсы шығатын “христиан Еуропа” версиясын қорғаушы адам етіп көрсетеді. Ол Еуропа парламентінде көпшілікті құрап отырған Христиан-демократиялық партияның басшылығын қолына алуға әрекеттеніп жатыр.

    Ал Америка Құрама Штаттары Еуроодақтың мәселесін одан сайын ушықтыра түсті. 2015 жылғы Иранның ядролық келісімінен біржақты шығу арқылы президент Дональд Трамп трансатлантика альянсын күл-талқан етті. Бұл онсыз да құрсауда тұрған Еуропаға одан сайын қысым жасады. “Еуропаға өмірлік қауіп төніп тұр” деген – мінберде айтатын қызыл сөз емес, нағыз ащы шындыққа айналды.

    Не істеу керек?

    Еуроодақтың күйіп тұрған үш мәселесі бар: босқын дағдарысы; Еуропаның экономикалық дамуын тежеген үнемдеу саясаты; Брекзит мысалынан көрінген аумақтық дезинтеграция.  Жұмысты босқын дағдарысын бақылауға алудан бастау керек сияқты.

    Мен әрдайым Еуропа ішінде босқындарды орналастыру ерікті түрде жүруі қажет деп айтып келемін. Мүше мемлекеттерді өздері қаламаған босқындарды қабылдауға мәжбүрлемеу керек, босқындар да өздері барғысы келмеген елге күштеп қоныстандырылмауы тиіс.

    Еуропаның бүгінгі миграция саясаты осы принципке негізделуі керек. Сондай-ақ, Еуропа жедел түрде Италия мен Жерорта жағалауы елдеріне ерекше салмақ түсіретін “Дублин ережелерін” қайта қарауы тиіс, бұл құжаттың саяси салдары ауыр болып жатыр.

    Еуроодақ сыртқы шекарасын қорғап, заңды мигранттарға есік ашуы керек. Ал мүше мемлекеттер ішкі шекараларды жаппауы тиіс. Саяси босқындар мен экономикалық мигранттарды кіргізбейтін “қамалдарға бөлінген Еуропа” идеясы Еуропа және халықаралық құқық нормаларын бұзып қана қоймайды, оны жүзеге асыру тіпті мүмкін емес.

    Еуропа демократияға ниетті елдерге елеулі жәрдем беріп, Африкаға және дамушы әлемнің басқа бөліктеріне көмек қолын созғысы келеді. Бұл – дұрыс амал, себебі бұл ел үкіметтері өз азаматтарына білім беріп, жұмыспен қамтуға мүмкіндік алады, соның арқасында олар бастарын бәйгеге тігіп, Еуропаға көп ағылмайтын болады.

    Еуроодақ бас болған “Африкаға арналған Маршалл жоспары” сияқты жобалар дамушы әлемдегі демократиялық режимдерді нығайтып, саяси босқындардың санын азайтады. Соның арқасында Еуропа елдері экономикалық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін бұл елдерден бір тәртіппен мигрант қабылдай алады. Сонда ғана мигранттар да, оларды қабылдаушы елдер де ерікті түрде әрекет етеді.

    Ал, қазіргі шынайы жағдай бұл идеалдан анағұрлым алшақ жатыр. Ең бастысы – Еуропа одағының әлі күнге бірыңғай миграция саясаты жоқ. Әр мүше мемлекеттің өз саясаты бар, олар көбіне басқа мемлекеттердің мүдделеріне қайшы келеді.

    Екіншіден, Еуропа елдерінің көпшілігінің мақсаты – Африкада не әлемнің басқа бөлігінде демократиялық дамуға септесу емес, мигрант нөпірін тоқтату. Соның кесірінен қолда бар қаржының көп бөлігі диктаторлармен арсыз келісім жасасуға кетіп жатыр. Сөйтіп олар өз азаматтарын шекарадан шығармауға, кетем дегендерін қуғындауға күш салуда. Ұзақ мерзім тұрғысынан қарасақ, бұл босқын санын тіпті ұлғайтып жіберуі мүмкін.

    Үшіншіден, қаржы ресурсы мүлде жетіспейді. “Африкаға арналған Маршалл жоспары” деген мағыналы жобаға біраз жыл бойы жыл сайын 30 миллиард еуродан (35,4 миллиард доллар) салып отыру керек. Еуроодаққа мүше елдер мұның аз ғана бөлігін бере алады. Сонда, ақшаны қайдан алсақ болады?

    Босқын дағдарысы – Еуропаның мәселесі екенін және оны Еуропа шешуі тиіс екенін мойындау өте маңызды. Еуроодақтың кредиттік рейтигі жоғары, және ол қарыз алу мүмкіндігін көп пайдалана бермейді. Осындай өмір мен өлім дағдарысы кезінде пайдаланбасақ, бұл мүмкіндікті қашан пайдаланамыз? Тарихқа көз салсақ, мемлекет қарызы соғыс кезінде ұлғаяды. Мемлекеттің қарыз үстіне қарыз алуы үнемшілдікті жақтайтын қатаң саясаттың шеңберінен шығып кетеді. Бірақ қазіргі Еуропадағы дағдарысқа сол үнемшілдіктің себепкер болғаны және белгілі.

    Осы кезге дейін “үнемшілдіктің пайдасы көп” деп айтуға болатын еді: Еуропаның экономикасы баяулап дамып келе жатыр, осы бағытта жылжы берсе де болады. Бірақ, алға көз жүгіртсек, Иран ядролық келісімі жойылып, трансатлантикалық альянсқа ыдырау қаупі төніп тұр, ал бұлар біріге келе Еуропа экономикасына кері әсер етіп, басқа да қиындықтар туғызуы ықтимал.

    Доллардың күшеюінен инвесторлар дамушы нарықтардың валюталарынан қашып жатыр. Тағы бір ірі қаржы дағдарысына қарай келе жатуымыз мүмкін. “Африкаға арналған Маршалл жоспары” және дамушы әлемге бағытталған басқа жобалар дәл уақытында көмекке келуі мүмкін. Сондықтан мен оны қаржыландырудың дайын жобасын ұсынып отырмын.

    Жай-жапсарына тоқталмастан айтсам, бұл ұсыныс Еуроодақтың өзіне және мүше мемлекеттерге тікелей міндет артпастан, қаржы нарықтарын өте ыңғайлы ставкамен пайдалануға мүмкіндік беретін мақсаты айқын қозғаушы күш, ерекше механизм. Ол, сондай-ақ біршама қаржылық табыс келтіреді. Оның үстіне, бұл – инновациялық идея болғанымен, басқа салаларда сәтті қолданылған, мәселен АҚШ-тағы жалпы табыстың муниципалдық облигациялары және инфекциялық аурулармен күресте жылу жинауда пайдаланылған.

    Ал менің айтпағым – Еуропа бұл өмірлік маңызды дағдарыстан аман шығу үшін бірдеңе істеуі керек. Қарапайым тілмен айтсақ, Еуропа өзін өзі қайта тудыруы қажет.

    Бұл бастаманы қалың бұқара қолдауы керек. Көмір мен болат қауымдастығының Еуропа одағына трансформациялануы жоғарыдан төменге қарай түскен бастама болды және тамаша жетістікке әкелді. Бірақ уақыт өзгерді. Қарапайым халық өзін оқшау әрі бөтен сезінеді. Қазір бізге Еуропа институттарының “жоғарыдан төменге” әрекетін электоратты тартуға қажетті “төменнен жоғарыға” әдісімен біріктіретін ортақ күш керек.

    Кезек күттірмес үш мәселенің екеуін айттым. Мұнда Брекзиттен басталған аумақтық дезинтеграция мәселесі қамтылмады. Бұл – екі жақ үшін де ауыр, зиянды процесс. Дегенмен, екі жақтың да жеңілуін меңзейтін ұсынысты екі жақ та жеңетін жағдайға өзгертуге болады.

    Ажырасу өте ұзақ процесс болады, бәлкім ол бес жылға созылатын шығар, бұл – әсіресе қазіргідей революциялық заманда шексіздікпен пара-пар. Не істеу керектігін шешетін – британ халқы, бірақ олардың кешеуілдетпей бір шешімге келгені жақсы болар еді. Мен қолдаған “Ең жақсысы – Британияға” деген жобаның мақсаты да – осы. Бұл бастама Брекзит толық жүзеге аспай тұрғанда одан шықпай қалуға мүмкіндік беретін тетіктерді парламентте қабылдату үшін күресіп, оған қол жеткізді де.

    Британия Брекзитті тоқтатса және Еуропа бюджетінде орны толмас шұңқыр қалдырудың алдын алса, Еуропаға үлкен көмек көрсеткен болар еді. Еуропа бұл шешімді салмақпен қабылдауы үшін оның азаматтары басым көпшіліктің дауысымен қолдау білдіруі керек. “Ең жақсысы – Британияға” жобасының электоратты жұмылдырудағы мақсаты да – осы.

    Еуроодақ құрамында қалудың экономика тұрғысынан артықшылығы көп, бірақ бұл тек соңғы бірнеше айда ғана біліне бастады, оны сіңіру үшін де біршама уақыт керек. Осы аралықта Еуроодақ саяси салмағын арттыру үшін Британия сияқты елдер қосылуға ынтық болатын ұйымға трансформациялануы тиіс.

    Мұндай Еуропа қазіргі жағдайдан екі жайт бойынша өзгеше болмақ. Біріншіден, мұнда Еуроодақ пен еуроаймақ арасында нақты айырмашылық болады. Екіншіден, еуроның шешілмеген проблемаларының көп екені мойындалады, бұл мәселелердің Еуропа жобасын құрдымға кетіруіне жол бермеуі керектігі айтылады.

    Еуроаймақ мерзімі өткен заңдарға бағынады, онда Еуроодаққа мүше әрбір ел тиісті талаптарға сай келген жағдайда еуро аймағына кіреді делінген. Осыдан келіп Швеция, Польша, Чехия сияқты елдер еуроаймаққа кіру ниеті жоқ екенін ашық айтқанымен, әлі күнге “еуроаймаққа кірудің алдында тұрған елдер” деп есептелетін күлкілі жағдай қалыптасты.

    Бұл тек косметикалық әсер қалдырмайды. Қазіргі қалыптасқан жағдай еуроаймақты Еуропа одағының ішкі өзегіне айналдырды, қалған мүше мемлекеттер біршама төмен позицияда тұр. Мұнда “мүше мемлекеттер түрлі жылдамдықпен жылжып бара жатса да, олардың бағыты бір” деген жасырын тұжырым бар. Бұл кейбір мүше мемлекеттердің “бұдан да тығыз одақ құру” туралы Еуроодақ идеясына ашық қарсы шыққанын ескермейді.

    Бұл мақсатты ұмыту керек. “Түрлі жылдамдықтағы Еуропаның” орнына, мүше мемлекеттерге таңдау мүмкіндігін беретін “түрлі соқпақтағы Еуропа” мақсатын ұсыну қажет. Мұның әсері ұзаққа созылмақ. Қазір мүше елдер терең әріптестікке қырын қарайды, олар егемендігінің бір бөлігінен айырылудың орнына оны нығайта түсуді қалайды. Егер әріптестік оң нәтиже берсе, пікір де өзгереді, содан кейін  коалиция құру жолымен жақсы реттелген қорғаныс сияқты ортақ мақсаттар көбейе түсуі ықтимал.

    Шынайы өмірдегі ауыр ахуал мүше мемлекеттерді өз ұлттық мүдделерін Еуроодақты сақтап қалу мүддесінің алдына жығып беруге мәжбүрлеуі мүмкін. Аахенде Ұлы Карл сыйлығын алып тұрып сөз сөйлеген Франция президенті Эммануэль Макрон осыған үндеген. Ел ішіндегі оппозицияның қарсылығынан оңбай таяқ жеген Германия кацлері Ангела Меркель оны сақтықпен қолдады. Барлық кедергіге қарамастан Макрон мен Меркель жеңіске жетсе, олар Моннет пен оның қасындағы арманшылдардың ізімен жүрген болады. Дегенмен бұл шағын топты төменнен жоғарыға қарай ұсынылған Еуропашыл бастамалар алмастыруы керек. Мен және менің “Ашық қоғам” қорларым бұл бастамаларды қолдауда қолынан келгеннің бәрін істейді.

    Бағымызға қарай, тым құрығанда Макрон Еуропаны реформалауда бұқара халықтың қолдауын арттыру қажеттігінен хабардар, оның “Азаматтық консультация” жобасы осыны аңғартады. Италияда әлі үкімет жасақталмай тұрғанда, мамырдың 31-і мен маусымның 3-і аралығында азаматтық қоғам ұйымдары Тренто экономикалық фестивалін ұйымдастырып жатыр. Ол сәтті өтіп, осы сияқты азаматтық қоғам бастамаларына үлгі көрсетеді деп үміттенемін.

    Джордж Сорос – Сорос Қорының және “Ашық қоғам” қорларының төрағасы, “Еуропа одағының трагедиясы: дезинтеграция ма, әлде қайта түлеу ме?” кітабының авторы.

    © Project Syndicate 1995–2018


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.