Үкім: Жартылай шындық
Балалар мен жасөспірімдердің өлімі, соның ішінде өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары көбейгенімен, виртуалды ойынның салдарынан өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы көбейді деу – қисынсыз. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде «түрлі виртуалдық ойын салдарынан өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары артқан» деген ақпарат көп. Бұл жалған ақпарат.




Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының суицид картасы бойынша, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы бойынша ең қауіпті елдердің қатарында. 1996-98 жылдары елімізде өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары өте жиі тіркелген. Одан кейін көрсеткіш төмен түсе бастаған. Алайда, 2015 жылы қайтадан артқан.
Статистикалық мәліметтер 2000-2014 жылдары 15 жастан 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында суицид артқанын көрсетеді.
Жасөспірімдер арасындағы суицид және оған виртуалды ойындардың әсері 2017 жылғы 13 ақпан күнгі Үкімет сағатында сөз болды. Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 2016 жылы елімізде жасөспірімдер арасында 16 суицид оқиғасы тіркелгенін айта келіп, тексеру нәтижелері бойынша бұл оқиғаларға әлеуметтік желідегі «өлім топтарының» қатысы жоқ екені белгілі болғанын жеткізді.
Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылы жасөспірімдерді суицидке алып келетін оқиға бойынша 9 қылмыстық іс қаралған. Олардың да ешбірінің әлеуметтік желідегі ойын топтарына қатысы болмаған. Яғни, елімізде жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының артып отырғаны шындық болғанымен, ол оқиғалардың виртуалды ойындардың әсерінен болып отырғаны – шындыққа жанаспайды.


ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаевтың бізге берген жауабына сүйенсек, биыл жыл басынан бері виртуалдық ойындардың салдарынан өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері туралы 90-нан астам өтініш пен хабарлама тіркелген.
Алмас Садубаев, ІІМ өкілі:
Олар бойынша тексеріс жүріп жатыр. Виртуалдық ойындарға қатысу салдарынан өз-өзін өлтіру фактілері тіркелген жоқ.
2017 жылғы 28 ақпан күні «Сорос-Қазақстан» қоры «Кипр» аналитикалық тобымен бірлесе отырып, сарапшылардың қатысуымен үлкен талқылау өткізді. «Көк кит» балаларға, желіге және қоғамға қарсы» деген тақырыппен өткен талқылауға барлығы 40-тан астам сарапшы қатысып, өз пікірлерін білдірді. Осы жиында сөз алған медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, Балалар мен жасөспірімдер психиатриясы бөлімінің балалар психиатры Сергей Скляр суицидтің себептері өте көп екеніне тоқталды.
Сергей Скляр, жоғары санатты дәрігер:
Интернет кеңістік те суицидке себеп болып отырған бір фактор болғанымен, ол негізгі фактор емес. Бүгінгі күні жасөспірімдер арасындағы суицид пен «Көк кит» сияқты ойындардың арасында байланыс бар екені дәлелденген жоқ.
REGNUM ақпарат агенттігі жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, соңғы бес жылда елімізде 16 864 өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы тіркеліпті.
REGNUM ақпарат агенттігі мынадай кесте ұсынады:
Ер адамдар арасындағы суицид көрсеткіші
Жыл | 2012 | 2013 | 2014 | 2015 | 2016 | 5 жыл ішінде | |
Жасы: | 5 жастан 14 жасқа дейін | 36 | 53 | 45 | 50 | 46 | 230 |
15 жастан 17 жасқа дейін | 94 | 105 | 72 | 78 | 69 | 418 | |
18 жастан 24 жасқа дейін | 351 | 334 | 307 | 309 | 287 | 1588 | |
25 жастан 29 жасқа дейін | 345 | 358 | 311 | 381 | 386 | 1781 | |
30 жастан 34 жасқа дейін | 305 | 290 | 317 | 389 | 406 | 1707 | |
35 жастан 44 жасқа дейін | 563 | 555 | 541 | 652 | 755 | 3066 | |
45 жастан 54 жасқа дейін | 368 | 410 | 434 | 556 | 581 | 2349 | |
55 жастан 64 жасқа дейін | 248 | 267 | 226 | 334 | 389 | 1464 | |
65 жастан 74 жасқа дейін | 90 | 103 | 79 | 122 | 138 | 532 | |
75+ | 72 | 79 | 70 | 95 | 95 | 411 |
Әйелдер арасындағы суицид көрсеткіші
Жыл | 2012 | 2013 | 2014 | 2015 | 2016 | 5 жыл ішінде | |
Жасы: | 5 жастан 14 жасқа дейін | 19 | 29 | 16 | 16 | 18 | 98 |
15 жастан 17 жасқа дейін | 62 | 105 | 59 | 58 | 42 | 326 | |
18 жастан 24 жасқа дейін | 98 | 117 | 84 | 111 | 116 | 526 | |
25 жастан 29 жасқа дейін | 64 | 82 | 63 | 82 | 83 | 374 | |
30 жастан 34 жасқа дейін | 55 | 58 | 55 | 70 | 84 | 322 | |
35 жастан 44 жасқа дейін | 110 | 111 | 92 | 123 | 144 | 580 | |
45 жастан 54 жасқа дейін | 75 | 64 | 76 | 86 | 104 | 405 | |
55 жастан 64 жасқа дейін | 39 | 57 | 45 | 73 | 54 | 268 | |
65 жастан 74 жасқа дейін | 32 | 27 | 26 | 41 | 36 | 162 | |
75+ | 29 | 45 | 35 | 59 | 59 | 227 |
Статистикалық деректер елімізде суицид фактілерінің артқанын көрсетіп отыр. Алайда, жасөспірімдер арасындағы суицидтің негізгі себептері виртуалдық ойындар емес, «стресс, депрессия және психоактивті заттарды пайдалану». Мұндай деректі Балалар мен жасөспірімдер психиатриясы бөлімінің балалар психиатры, Республикалық психикалық саулық жөніндегі ғылыми-практикалық орталықтың суицидология бағдарламасының үйлестірушісі Сергей Скляр келтіреді. Жоғарғы санатты дәрігер былай дейді:
Құрметті ата-аналар, балаларыңызға назар аударып, көңіл бөліңіздер. Егер балаңыздың мінез-құлқынан қандай да бір өзгеріс байқасаңыз, сабақ үлгерімінде өзгеріс болса, мектепке барудан қашқақтаса, бала алкогольге және есірткі өнімдеріне құмартса, темекі шеге бастаса, мұны стрестің және суицид қаупінің алғашқы белгілері деп білген жөн.
Думан Смақов
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.