Журналист Думан Мұхаммедкәрімді кінәлі деп танып, жеті жыл ға түрмеге қамады. Бұл туралы Азаттық Радиосы заңгер Ғалым Нұрпейісовқа сілтеп хабарлады.
Сот журналиске үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды. Сот үкімі онлайн оқылды, оған бұқаралық ақпарат құралдары мен жақтастары қатыса алмады. Тараптардың өздері Zoom арқылы қатысқан.
Айыпталушының заңгері үкімге келіспейтінін, аппеляция шағымын түсіретінін айтты.
Еске салайық, “Не дейді?” YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім “Экстремизмді қаржыландырды” және “Тыйым салынған ұйым жұмысына араласты” деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған.
Құқық қорғаушылар “саясиланған іс” деп таныған журналистің жабық соты биыл ақпанда басталған. Сот кезінде Думан Мұхаммедкәрім “тағылған айыпты жала” деп атап, “конституциялық құқығы бұзылғанын, тергеу амалдарының бірде-біріне қатыспағанын” айтып, сотты “цирк” деп атаған еді. Журналист бұл менің аузымды жабу үшін ойдан құрастырған айып” деген. Ізінше прокурор сотты жабық өткізуді өтініп, судья қанағаттандырған. Журналистің жақтастары, белсенділер соттың жабық өтуіне қарсы болған.
Іске журналистің шетелде тұратын “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, оппозиционер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған. Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын “экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент ҚДТ-ны “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған.