ЖИ зерттеуші адам еңбегін алмастыратын Mechanize стартапын іске қосты

2025 жылғы сәуірде әйгілі жасанды интеллект (ЖИ) зерттеушісі Тамай Бесироғлу Mechanize атты жаңа стартапын іске қосты. Бұл жобаның басты мақсаты – «барлық жұмысты және экономиканы толық автоматтандыру». Бұл туралы TechCrunch жазды.

Mechanize стартапының негізгі идеясы – әрбір қызметкерді ЖИ-агентпен алмастыру. Стартап кез келген жұмысты автоматтандыруға мүмкіндік беретін арнайы цифрлық экожүйе қалыптастыруы керек.

Тамай Бесироғлу есептегендей, бұл саладағы нарық көлемі таңғаларлық.

«Бұл нарықтың әлеуеті қисынсыз үлкен: АҚШ-та жұмысшыларға жыл сайын шамамен 18 триллион доллар төленеді. Ал бүкіл әлем бойынша бұл көрсеткіш үш еседен астам — шамамен 60 триллион доллар», – деді ол.

Бесироғлу бұл жоба ең алдымен кеңсе қызметкерлеріне бағытталғанын түсіндірді. Яғни роботтандыруды қажет ететін қол еңбегінен гөрі, кеңсе және интеллектуалдық жұмыстарды автоматтандыру басты назарда тұр.

Тамай Бесироғлу ЖИ агенттерінің адам орнын басуы қоғамды кедейлетпейді, қайта байытады деп санайды. Оның айтуынша, бұл «қарқынды экономикалық өсімнің» арқасында мүмкін болмақ.

«Еңбекті толық автоматтандыру бұрын-соңды болмаған молшылыққа, әл-ауқат деңгейінің едәуір артуына және қазіргі уақытта елестете алмайтын жаңа тауарлар мен қызметтердің пайда болуына әкелуі мүмкін», – деді ол басылымға берген сұхбатында.

Бірақ TechCrunch авторы оптимистік көзқарасқа күмәнмен қарайды. Ол адамдар жұмыс істемесе, ЖИ қызметтері өндіретін тауарлар мен қызметтерді сатып алуға ақшасы болмайды дейді.

Ал Бесироғлу автоматтандырылған әлемде адамдардың жалақысы артуға тиіс деген пікірде, өйткені олар ЖИ орындай алмайтын қосымша рөлдерде маңызды болады.

Контекст

Бұған дейін Google желідегі тапсырмаларды орындайтын Project Mariner деп аталатын алғашқы жасанды интелект агентін таныстырды. Gemini негізіндегі агент Chrome браузерін адам сияқты қолданады, яғни курсорды экранда жылжытып, түймелерді баса алады. Бұдан бөлек, Project Mariner әуе билеттері мен қонақүй табу, тұрмыстық зат сатып алу, рецепт табу сынды нәрселерді орындауға қолданылуы мүмкін.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz