«Важные истории» басылымы Telegram мессенджерінің жұмысына қатысы бар адамдардың Ресейдің мемлекеттік органдарына, соның ішінде Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ-ға) да қызмет көрсететіні жөнінде шағын зерттеу жариялады.
Материал авторлары Роман Анин мен Никита Кондратьев Telegram-ның жағымды бейнесіне тоқталып, бұл мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров көпшілікке сөз бостандығы үшін күресіп жүрген адам ретінде танылғанын еске салды.
Алайда журналистер зерттеуде бұл бейненің шындыққа жанаспайтынын дәлелдеуге тырысқан.
Зерттеуде айтылғандай, АҚШ билігі TON криптовалютасын шығаруға тыйым салған соң Дуров қаржылық қиындықтарға тап болып, Ресейге ондаған рет барып қайтқан. 2021 жылы ол Telegram жобасына 1 миллиард доллар инвестиция тартқан, ал қаржыландыру ресейлік ВТБ мемлекеттік банкі, Михаил Фридманның «Альфа капиталы» мен «Атон» инвестициялық тобы арқылы жүзеге асқан.
Сонымен қатар, Анин мен Кондратьев Signal немесе WhatsApp сияқты басқа мессенджерлермен салыстырғанда, Telegram-да толық шифрлау тек құпия чаттарда қолданылатынын, ал ондай хабарламаларға құрылғының шифрланбаған идентификаторы тіркелетінін атап өткен.
Журналистер Telegram бүкіл инфрақұрылымын бір компанияға сеніп тапсырғанын анықтаған. Бұл компания іс жүзінде Ресей аумағында орналасқан. Басылымның жазуынша, бұл компаниялардың артында тұрған – Владимир Веденеев.
Веденеев тек Telegram инфрақұрылымына қызмет көрсететін компанияның иесі ғана емес, сонымен қатар мессенджердің ішкі құрылымында маңызды қызметтер атқарған.
«Бастапқыда Павел Дуров деректер орталықтарындағы ғимараттарды жалға алу және жабдықтарды орнату бойынша келісімшарттарға өзі қол қойған. Алайда 2018 жылы Telegram Corp (Панамаға тіркелген Дуровтың компаниясы) бұл міндеттердің барлығын GNM компаниясына тапсырды. GNM атынан келісімді Владимир Веденеев бас директор ретінде, ал Telegram атынан қаржы директоры ретінде, яғни қайтадан сол Веденеевтің өзі қол қойған», – делінген мақалада.
Материалда келтірілген мәліметтерге сүйенсек:
- 2020 жылға дейін Telegram-ның қазіргі IP-мекенжайлары Санкт-Петербургтегі «Глобалнет» компаниясына тиесілі болған. Бұл компания бүкіл Ресей аумағында оптикалық байланыс желісіне ие ірі байланыс операторы саналады.
- Иелері өзгергенімен, мессенджер қолданатын IP-мекенжайлардың жүздегені әлі де Ресейге тиесілі деп көрсетіледі.
- Бұған дейін де «Глобалнет» компаниясының пайдасын көріп келген адам – дәл сол Веденеев. 2024 жылы ол компаниядағы үлесін туыстарының атына рәсімдеген, олар бүгінде 96% акцияға иелік етеді.
2020 жылы «Глобалнет» Telegram-ға Ресей мен ТМД елдерінде тікелей қол жеткізуді қамтамасыз ететін жалғыз оператор екенін мәлімдеген. 2022 жылы Украинада соғыс басталған соң, компания Ресейдегі алғашқы провайдерлердің бірі болып Роскомнадзор талабы бойынша Deep Packet Inspection (DPI) технологиясын енгізген. Бұл технология интернет-трафикті сүзгіден өткізіп, тыйым салынған сайттарға кіруді бұғаттайды.
«Глобалнет» – Веденеевке тиесілі жалғыз компания емес. Ол бұған дейін «Электронтелеком» компаниясының да негізгі иесі болған. 2024 жылы бұл компаниядағы үлесін де туыстарына жазып берген.
RIPE еуропалық интернет-тіркеуші ұйымының деректеріне сүйенсек, «Электронтелекомның» Telegram инфрақұрылымына да қатысы бар, компания мессенджерге 5 мыңнан астам IP-мекенжайды пайдалануға берген.
«Важные истории» басылымы компанияның басты тапсырыс берушілерінің бірі ФСБ екенін анықтаған. Бұл органға Санкт-Петербург пен Ленинград облысындағы Ресей ФҚҚ-ның стационарлық нысандарынан арнайы ақпарат тарату кешенін орнату және оған техникалық қызмет көрсету қызметтері қажет. Бұл кешен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау аясында жедел-іздестіру шараларын жүргізу үшін қолданылады.
«Яғни Telegram-ның серверлік инфрақұрылымына жауапты адамдар – ФСБ-ның азаматтарды аңдуға арналған жасырын жүйелеріне де қызмет көрсетіп отырғандар», – дейді журналистер.
Telegram жауабы
BBC-дің орыс қызметі Telegram-нан бұл зерттеуге қатысты пікір алған. Компания өкілдері Telegram жаһандық компания екенін айтып, әлем бойынша ондаған қызмет көрсетушімен келісімшарт жасасқанын мәлімдеді. Алайда олардың ешқайсысы Telegram деректеріне немесе құпия инфрақұрылымына қол жеткізе алмайды.
«Барлық серверлер Telegram-ға тиесілі және тек компания қызметкерлері арқылы ғана басқарылады», – делінген ресми жауапта.
Одан бөлек, мессенджер өкілдері Telegram ешқашан үшінші тараптарға жеке хаттарды бермегенін және оның шифрлау жүйесі ешқашан бұзылмағанын мәлімдеді.