USAGM «Настоящее время» хабарын тарататын екі спутникпен келісімшартты тоқтатты

АҚШ-тың Ғаламдық медиа агенттігі (USAGM) «Настоящее время» телеарнасының Astra және Eutelsat спутниктері арқылы хабар таратуын тоқтатты. Бұл телеарна «Азат Еуропа/Азаттық радиосына» (АЕ/АР) қарайды және орысша аудиторияға бағытталған. Бұл туралы «Азаттық радиосы» жазды.

Қазіргі уақытта телеарна тек Hotbird спутнигі арқылы көрсетіліп тұр. Агенттік шешімнің себебін түсіндірмеді. Ресейде «жағымсыз ұйым» деп танылған хабар көрермендерге басқа цифрлық платформаларды пайдалануға кеңес берді. «Настоящее время» негізінен Ресей, Украина, Орталық Азия және Шығыс Еуропа аймақтарынан ақпарат таратады.

Контекст

15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттіктің, оның ішінде «Америка ғаламдық медиа агенттігін» (USAGM) қысқарту туралы жарлыққа қол қойған. USAGM – «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосының» бас ұйымы.

Өткен айда АҚШ-тың мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) жетекшісі, кәсіпкер Илон Маск бұл медиа ұйымдарды жабуды ұсынған.

«Азат Азия радиосының» президенті және атқарушы директоры Бэй Фанг бұл шешімді «диктаторларға жасалған сый» деп атады. Ал «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» басшысы Стивен Капус «Иран аятоллалары, Қытайдың коммунистік басшылары, Мәскеу мен Минскідегі автократтар медианың 75 жылдан кейін жабылуын тойлайды» деп жазды.

Басты беттегі сурет WDR басылымынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz