Украинада тек “таза украиндар” донор бола ала ма?

Интернеттің орыс тіліндегі сегментінде “2023 жылғы 1 наурыздан бастап донорлыққа тек таза украиндардың қаны қабылданады. Шетел азаматтарына донор болуға тыйым салынады” деп жазылған плакаттың фотосы тарады. Бұл плакат Украинадағы Львов емханасының қабырғасында ілінген деседі. “Проверено” басылымы деректі тексеріп көрді.

Ақпарат бірқатар әлеуметтік желіде жарияланған (мұнда, мұнда, мұнда, мұнда және мұнда).

Плакатта Украинаның Doc.ua медициналық онлайн-сервисінің логотипі бейнеленген. Алайда Doc.ua медициналық онлайн-сервисі Facebook-тағы ресми парақшасында мұндай хабарландыру жасамағанын мәлімдеді. Оған қоса медицина ұйымы өкілдері донорлыққа қан алу я донор болуға қатысты басқа да процедуралармен мүлдем айналыспайтынын жазды. Doc.ua — дәрігерге, процедураға не анализ тапсыруға жазылуға болатын онлайн-қызмет. Оның өзі ешқандай медицина қызметін көрсетпейді, ол тек пациент пен аурухана арасындағы делдал.

Doc.ua ұйымының басқарма төрағасы Игорь Лиски де өзінің Facebook парақшасында компанияның хабарландыруға ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Алғашында ол “сурет бәсекелестердің айла-амалы” деген. Тіпті мұны істеген адамдарды табуға көмектескендерге 5 000 доллар төлеуге дайын екенін жеткізген. Алайда кейін Игорь Стрелковтың Telegram арнасындағы жазбасын көргеннен соң: “Елдегі жағдайды тұрақсыздандырғысы келетін ресейлік барлау қызметтерінің әрекеті” деп тұжырымдады.

Фактчекерлер бұл хабарды алғаш таратқан Telegram-дағы “Гаспарян” арнасын анықтады. Автор бір адамның келесідей сөзіне сілтеме жасаған: “Әйелім Иван Огиенко, 5-мекенжайындағы Львов емханасына гинекологқа барды. Донорларға арналған кабинеттің жанынан “2023 жылғы 1 наурыздан бастап донорлыққа тек таза украиндардың қаны қабылданады. Шетел азаматтарына донор болуға тыйым салынады” деген жазуды көрді.”

“Гаспарян” арнасының авторы — ресейлік публицист Арман Гаспарян. “Проверено” фактчекерлері бұған дейін оның бірнеше мәрте фейк таратқанын анықтаған. Мысалы, 2022 жылғы тамызда ол аноним адамға сілтеме жасап, Гамбургтегі кітапхананың энергия дағдырысынан үй-жайды жылыту үшін кітаптарды жинап жатқаны туралы жалған ақпарат жариялаған.

Оған қоса Арман Гаспарян “Кремльдің пропагандасына қатысы болғаны үшін” Еуропалық Одақтың санкциясына ұшыраған. Канада мен Ұлыбритания да санкция салған. Сол себепті оның таратқан ақпараты күмәнді деуге болады.

Factcheck.kz