«Уикипедия» жобасын қолдайтын коммерциялық емес Wikimedia Foundation ұйымы алдағы үш жылға арналған жасанды интеллекті пайдалану стратегиясын жариялады. TechCrunch жазуынша, бұл бастамаға қарамастан, ұйым энциклопедияны дамытуға үлес қосып жүрген редакторлар мен еріктілерді ЖИ жүйелерімен алмастыруды жоспарлап отырған жоқ.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллект «техникалық кедергілерді жою» мақсатында жаңа функцияларды енгізу үшін қолданылады. Яғни редакторлар мен модераторларға техникалық мәселелерге алаңдамай-ақ мақсатына жетуге көмектесетін құралдар ұсынылады.
Wikimedia Foundation ЖИ-ді тек көмекші құрал ретінде қарастыратынын, бірақ ол адам еңбегін алмастырмайтынын мәлімдеді. Бұл пікір қазір жаңа технологиялар адамды алмастыруы мүмкін деген уайым көбейіп жатқан кезде өте өзекті. Ұйым генератив ЖИ тек нақты тиімді болатын салаларда ғана қолданылады деді.
Мысалы ЖИ қайталанатын әрі ауыр тапсырмаларды автоматтандыру арқылы адам жұмысын жеңілдетеді. Сонымен бірге мәтіндерді аударуда және жаңа еріктілерді іздеу кезінде пайдаланылады.
Wikimedia Foundation өкілдері ЖИ технологияларының қателесу және жалған ақпарат ұсыну қаупі артқан кезде «Уикипедиядағы» білім қорын сақтау бұрынғыдан да маңызды бола түсті дейді.
Контекст
Бұған дейін әйгілі жасанды интеллект (ЖИ) зерттеушісі Тамай Бесироғлу Mechanize атты жаңа стартапын іске қосқанын жазған едік. Бұл жобаның басты мақсаты – «барлық жұмысты және экономиканы толық автоматтандыру». Тамай Бесироғлу ЖИ агенттерінің адам орнын басуы қоғамды кедейлетпейді, қайта байытады деп санайды. Оның айтуынша, бұл «қарқынды экономикалық өсімнің» арқасында мүмкін болмақ.