Тоқаев Қазақстанға лақап ат қоюдан аулақ болуға шақырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталып, мемлекет қабылдап жатқан шаралар сол елге қатысты «ат қоюға» себеп болмауға тиіс деп мәлімдеді. Бұл туралы Vlast.kz мәлімдеді.

«Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе», – деді Тоқаев.

Тоқаев әлемдік тәжірибеге сүйеніп, мәжбүрлеу шараларынсыз тәртіпке қол жеткізу мүмкін емес, сондықтан мемлекеттің іс-әрекетіне түсіністікпен қарау керек екенін айтты.

«Диалог арқылы қоғамдық келісім болуы керек. Қалай болғанда да, заңды тәртіпті қамтамасыз ету бойынша мемлекет қабылдаған шаралар өз еліне лақап ат қоюға себеп болмауға тиіс», – деп есептейді Тоқаев.

Кейінгі уақытта Қазақстанда айыппұлдардың артуына қатысты «Штрафстан» атауы жиі қолданылып жүр. Тоқаев өз сөзінде бұл атауды тікелей айтпағанымен, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов шамадан тыс айыппұл салу әкімшілік жауапкершілікке деген сенімді әлсірететінін мәлімдеді. Сонымен қатар, депутат Азат Перуашев шенеуніктерді айыппұлды бизнеске қысым көрсету құралы ретінде пайдалануын сынап, олардың «Штрафстан» құрып жатқанын айтқан.

Журналист

Factcheck.kz