Журналист Болот Теміров жұбайы Махабат Тәжібекқызының түрмеде басқа сотталған адамнан қысым көріп, өміріне қауіп төніп тұрғанын жазған хатын жариялады. Бұл туралы Kaktus Media хабарлады.
«Егер маған бірдеңе болса, біліңіздер, бұл – сол адамның ісі. Лысенко мені балағаттап, моншада жуынуға мүмкіндік бермейді. Ол мені улап, өлтіретінін айтып қорқытады. Басқа тұтқындардың алдында менің абыройыма нұқсан келтіруге тырысады» – делінген хатта.
Теміровтің мәліметінше, бұл қысымды 25 жылға бас бостандығынан айырылған Валентина Лысенко жасап отыр. Ол топ болып кісі өлтіргені үшін сотталған.
25 қаңтарда депутат Сеид Атамбаев парламент отырысында №2 түзету мекемесінде сотталған Дилбар Камилова мен Валентина Лысенконың құқығы бұзылып жатқанын мәлімдеген. Бұл тұтқындар азаптау мен қатігез қарым-қатынасқа шағымданған.
Контекст
2024 жылғы 10 қазанда Бішкектің Ленин аудандық соты Temirov Live басылымының журналисі Махабат Тәжібекқызын алты жылға бас бостандығынан айырды. Ол Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 278-бабы бойынша «билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбауға, жаппай тәртіпсіздікке және азаматтарға күш қолдануға шақырды» деп айыпталды.
Ал Temirov Live негізін қалаушы Болот Теміров 2022 жылғы қазанда Қырғызстаннан шығарылып, азаматтығынан айырылды. Ресми мәлімет бойынша, оның паспорты заңсыз алынған деп танылған. Оның алдында Теміровке бірнеше қылмыстық іс қозғалып, құжаттарды қолдан жасады және есірткі сақтады деген айыптар тағылды. Алайда журналист пен оның жақтастары бұл айыптарды Теміровтің Қырғызстандағы жемқорлықты әшкерелеген зерттеулерімен байланыстырады.
Басты беттегі сурет Kaktus Media-дан алынды.