Марафоншы, азаматтық белсенді, “Алға, Қазақстан!” партиясын тіркеу жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Марат Жыланбаевтың 13 қарашадан бері аштық жариялап жатқанын түрме басшысы растады. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.
Бұған дейін адвокат Мейіржан Досқараев Жыланбаевтың екі апта бұрын мерзімсіз аштық акциясын бастағанын айтқан.
Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті №4 мекемесінің басшысы Қанат Тұлақов Марат Жыланбаев сот үкіміне келіспейтінін айтып, тамақ ішуден бас тартатынын айтты деді.
“Сотталған [Жыланбаевқа] медициналық көмек қажет емес, денсаулығы қанағаттанарлық. Компот, сүт, тәтті шай ішеді”, – деді Тұлақов.
Түрме басшысының сөзінше, Жыланбаев 1 қарашада уақытша оқшаулау бөлмесіне ауыстыру туралы өтініш білдірген.
Контекст
Жыланбаев сот үкіміне наразылық ретінде бұған дейін де түрмеде бірнеше рет аштық жариялаған. 2023 жылы қарашада сот оны “экстремистік ұйым ісіне араласқаны” және “экстремизмді қаржыландырғаны” үшін кінәлі деп тауып, 7 жылға соттаған. Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сот процесі жабық өтті, оған қоғам өкілдерін, журналистерді қатыстырмады. Жыланбаев өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, істің “саяси астары бар” деп мәлімдеген.
Басты беттегі сурет Азаттық Радиосының сайтынан алынды.