Сенат «Масс-медиа туралы» заңды мақұлдады

Парламент сенаты Мәжіліс қабылдаған Масс-медиа туралы негізгі заңды мақұлдады.

Палатаның әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарованың айтуынша, «Масс-медиа туралы» заңға мынандай жаңа өзгерістер енгізіледі:

Біріншіден, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына отандық контентті дамыту, Қазақстан Республикасының ақпараттық егемендігін нығайту және қорғау үшін гранттық қаржыландыру беріледі.

Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралында жарияланған ақпараттар бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың талап қою мерзімі бір жыл болып белгіленді;

Үшіншіден, БАҚ сұрауларын қарау мерзімі 7 жұмыс күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды;

Төртіншіден, БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру үшін ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексі әзірленеді;

Бесіншіден, мемлекеттік тілдегі теле, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50% -дан 60%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%); Алтыншыдан, отандық теле, радио бағдарламалардың және қазақстандық авторлардың/орындаушылардың музыкалық шығармаларының отандық теле, радиоарналардағы көлемін 50% – дан 60% – ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%) көзделді;

Жетіншіден, отандық теле, радиоарналардағы шетелдік бағдарламалардың ретрансляциясын 20% – дан 10% – ға дейін азайту% белгіленді;

Сегізіншіден, журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету жөнінде нормалар енгізілді.

Сондай-ақ ол қолданыстағы заңнамада кездесетін «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі «масс-медиа» сөзімен ауыстырылатынын айтты.

Factcheck.kz