2023 жылғы қыркүйектің басында интернетте Ресейдің қорғаныс министрі қол қойған жаңа мобилизация толқыны туралы құжат кеңінен тарады. “Проверено” басылымы бұл бұйрықты шынайы деп санауға негіз бар-жоғын тексерді.
Құжатта Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгудың 2023 жылғы 1 қарашадан кешіктірмей 200 мың ресейлік азаматты жұмылдыру керек екені туралы бұйрығы көрсетілген. Оны бірқатар медиа мен желі таратты (1, 2, 3).
Құжат — фейк. Оны бірнеше жерінен байқауға болады.
Біріншіден, бұл құжатта 14 қыркүйекте шығарылған №463 бұйрық көрсетілген. Бірақ дәл осы құжаттың фотосы тарап жатқанда Ресей Қорғаныс министрлігінің сайтында жарияланған соңғы бұйрықтың нөмірі — №558. Оған Шойгу 29 тамызда қол қойған.
Екіншіден, құжаттың тақырыбын көк сиямен толтырғаны және Шойгудың қолтаңбасы қара сиямен қойылғаны күмән тудырады. Оның үстіне, ондағы қолтаңба Шойгудың ресми дереккөздерде бар қолтаңбасына ұқсамайды.

Үшіншіден, “Проверено” басылымының айтуынша, әдетте шын құжаттарда айдың атауы да компьютер арқылы жазылады. Ал мұнда қаламмен жазған.
Төртіншіден, мұндай бұйрық әскери комиссариат өкілдеріне емес, әскери округтердің басшыларына жазылар еді.
Сонымен қатар мұндай бұйрықтың болуының өзі қисынсыз. Ресей Қорғаныс министрлігіне «қосымша» мобилизацияны бастаудың қажеті жоқ: Ресей президенті Владимир Путиннің 2022 жылғы қыркүйекте қол қойған мобилизация туралы жарлығы әлі күнге дейін күшінде және жалғасып келеді. РФ Қарулы Күштері Бас штабының бұйрығы бойынша, жарлыққа сәйкес, азаматтардың кез келген қажетті санын жұмылдыруға болады. Бұл үшін Қорғаныс министрінің бұйрығы керек емес.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.