«Проверено» фактчегі: Эстонияның білім министрі көбейту кестесін білмей ме?

Желіде Эстонияның білім министрі 8 бен 4-ті көбейте алмай жатқан видео тарады. «Проверено» басылымы видеоның рас-өтірігін анықтап көрді.

Бейнеролик эстон тілінде түсірілген, үстінен орысша дубляж жасалған. Онда алдымен Кристина Каллас білім беру тек математикалық формулалармен шектелмейтінін айтады, кейін журналист министрден 8 бен 4-тің көбейтіндісі қанша екенін сұрайды. Министр бұл сұраққа күліп, «білмеймін» деп жауап береді.

Кадрдағы скриншот бойынша кері іздеу жүргізу нәтижесіне сәйкес, бұл үзінді эстониялық Levila басылымының YouTube арнасында жарияланған видеодан алынған. Эпизод тек жақында ғана кең тарағанымен, видеоның өзі 15 қаңтарда шыққан, яғни оған жарты жылға жуық уақыт болған. 6,5 минутқа созылатын сұхбаттың кейіпкері — 2023 жылдан бастап Эстонияның білім және ғылым министрі қызметін атқарып келе жатқан Кристина Каллас.

Сұхбат барысында жүргізуші Калласқа Эстонияның білім беру жүйесіне қатысты сұрақтар қойған. Министр халықаралық PISA зерттеуінің нәтижелеріне сүйеніп, Эстониядағы мектеп білімін әлемдегі үздіктердің қатарына жатқызады. Бұдан кейін жүргізуші мектептерде күш қолдану қашан тоқтатылғанын және оларды бұзақылықпен күресу үшін қайта енгізуге бола ма деген сұрақ қояды. Каллас бұл тәсілді тиімсіз деп атап, бейнероликтің 3:35 минутында «білім тек математикалық формулалардан тұрмайды» деген сөз айтады. Содан соң жүргізуші «8 бен 4-ті көбейтсе неше болады?» деп сұрайды. Каллас жымиып «білмеймін» деп жауап береді де, сұхбат жүргізушіден жауап беруін өтінеді. Жүргізуші дұрыс есептеп береді, ал министр әңгімеге «көрдіңіз бе?» деп нүкте қояды.

Сұхбат бойы жүргізуші министрге әзіл-қалжыңға құрылған сұрақтар қойып отырды. Мысалы ол Кристинаның әкесі Сийм бе деп сұрайды (бұл Эстонияның бұрынғы премьер-министрі және қазіргі ЕО-ның сыртқы істер жөніндегі өкілі Кая Калластың әкесінің есімі). Алайда Кристина Каллас – оның аттасы, туыстығы жоқ. Бұдан бөлек мұғалімдер мен оқушылар арасындағы махаббат қатынастарының этикалық жағы туралы да әзіл сұрақтар болды.

Сұхбат жүргізуші – Эстонияда «Майдук» лақап атымен танылған комик. Ол саясаткерлермен, қоғам қайраткерлерімен және шоу-бизнес өкілдерімен ирониялық сұхбаттар өткізеді. Майдук кейіпкерлерінің саласына байланысты қисынсыз әрі арандатушы сұрақтар қояды, кейде тіпті елдегі мәселелерге қатысты ерекше шешімдер ұсынады. Мысалы Майдук сұхбат кезінде қаржы министрі қызметін атқарған Март Вырклаэвке бюджет тапшылығын жабу үшін 12 млн еуроны криптовалютаға салуды ұсынған.

Сондықтан Эстонияның білім министрі 8 бен 4-ті көбейте алмай жатқандай көрінетін видео – әзіл түрінде түсірілген сұхбаттың бір бөлігі ғана. Мұндай форматтағы диалог Кристина Каллас көбейту кестесін білмейді деген тұжырым жасауға негіз бола алмайды.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы фактчекинг. Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы. 2017 жылдың мамыр айында ашылған. Халықаралық фактчекинг ұйымдар желісінің (IFCN) мүшесі.

Factcheck.kz