OpenAI компаниясы өз модельдерін біріктіріп, осы жазда GPT-5-ті шығаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы SecurityLab хабарлады. Компания тек жаңа ірі тілдік модельді таныстырумен шектелмей, GPT пен «о»-сериясын толық біріктіруді көздеп отырғанын ресми түрде мәлімдеді.
Қазіргі уақытта ChatGPT жүйесінде бірнеше түрлі модель бар, әрқайсысы нақты міндеттерге бейімделген. Алайда атаулары ұқсас болғандықтан, пайдаланушылар модельдерді жиі шатастырады.
Әсіресе күрделі тапсырмаларды талдайтын «о»-сериясы ерекше назар аударады. Ал GPT-4o секілді нұсқалар мультиформатты жұмысқа бағытталған, олар мәтінмен қатар бейне, сурет пен дыбысты да өңдей алады.
GPT-5 нұсқасында әзірлеушілер осы екі бағыттың ең үздік қырларын қосуды жоспарлап отыр. OpenAI-дың әзірлеушілермен жұмыс жөніндегі бөлімін басқаратын Ромен Хюэдің айтуынша, бұл тек жаңа ЖИ үлгісін жасау емес, екі ірі бағыттың жетістіктерін бір модельге біріктіру. Оның сөзінше, GPT-5 үлгісінде «о»-серияның логикалық ойлау қабілеті және басқа модельдердің мультиформаттық мүмкіндігі болады.
OpenAI өкілі Джерри Творек бұған дейін GPT-5 тек жаңа өнім емес, қазіргі модельдердің мүмкіндігін бір бағытқа тоғыстырып, пайдалануды оңай әрі ыңғайлы ететінін айтқан еді. Жаңа модельдің басты артықшылығы — әртүрлі ЖИ нұсқалар арасында ауысып отырмай-ақ, барлық міндетті бір модель арқылы атқаруға мүмкіндік беруі.
GPT-5-тің нақты қашан шығатыны белгісіз, бірақ OpenAI басшысы Сэм Альтман релиз осы жазда болатынын меңзеді.