Оңтүстік Корея билігі президент Юн Сук Ельді тұтқынға алды

Оңтүстік Корея билігі 15 қаңтарда президенттік қызметтен шеттетілген Юн Сук Ельді өз резиденциясында қамауға алды. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.

Юн бірнеше апта бойы Сеулдегі Ханнамдон резиденциясында жасырынып, оны құлату әрекеттерімен «соңына дейін күресуге» ант берген. Полицияның хабарлауынша, Юнды тұтқындау үшін үш мыңнан астам полиция қызметкері жіберілген. Оның жүздеген жақтастары мен партияластары резиденцияның жанына жиналған.

Билік 3 қаңтарда президент күзетшілерінің қарсылығынан Юнды тұтқындай алмаған. Адвокаттардың айтуынша, 15 Қаңтарда Юн Сук Ельден жоғары лауазымды мемлекеттік шенеуніктер арасындағы сыбайлас жемқорлықты тергеу басқармасы (CIO) жауап алады. Юнның өзі «қантөгісті болдырмау» үшін жауап беруге келіскен. Бұл ретте президент өзіне қатысты тергеуді заңсыз деп есептейді.

Yonhap агенттігінің дерегінше, Сеул соты Юнды 3 желтоқсанда қысқа мерзімді әскери жағдай жариялау, бүлік ұйымдастыру және билікті асыра пайдалану айыптары бойынша қамауға алу ордерін шығарған. Тінту жүргізуге де бұйрық берілген. Бірақ президент Юн Сук Ель тергеуге үш рет шақыртылса да бармай қойған.

Контекст

Президент Юн Сук Ель 3 желтоқсанда кейінгі 45 жылда алғаш рет “соғыс жағдайын”  енгізді. Юнның сөзінше, бұл елге қауіп төндіретін, конституциялық тәртіпке нұқсан келтіретін “мемлекетке қарсы күштермен” күресуге бағытталған.

Ал Оңтүстік Кореяның басты оппозициясы Демократиялық партия президенттің бұл шешімін “мемлекеттік төңкеріс” деп атап, бұйрықты дереу жоюды талап етті. Ұлттық Ассамблея бұйрыққа қарсы дауыс беріп, парламент ғимаратында наразылықтар басталды. Бірнеше сағаттан соң Оңтүстік Корея президенті әскери жағдайды алып тастайтынын мәлімдеді. Оңтүстік Корея парламенті 14 желтоқсанда Юнды президент қызметінен шеттеті.

Басты беттегі сурет AP сайтынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz