Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Meta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Әли Азизбен кездесті. Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, олар Қазақстанның ақпараттық кеңістігін қауіпсіз ету жолдарын талқылады.
«Кездесу барысында министр қонаққа ақпараттық қауіпсіздік, әсіресе әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі медиа кеңістікті қорғау бағытындағы бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіріп, осы саладағы жұмысты жандандыру керегін айтты», – делінген ресми хабарламада.
Министр әсіресе кейінгі уақытта көбейіп кеткен күмәнді жарнама мен фейк-контент мәселесін көтерді. Оның айтуынша, мұндай жарнамаларда дереккөз көрсетілмейтіндіктен, олардың шыққан көзін анықтау қиынға соғады.
Сонымен қатар Аида Балаева WhatsApp мессенджеріндегі жалған ақпарат пен алаяқтық контент жөнінде айтты.
«Министр Meta өкілдерінен бұл проблемаларды шешуге нақты техникалық жолдар ұсынуды және өз платформаларындағы контент модерациясын күшейтуді сұрады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аталған мәселелерді шешумен айналысатын арнайы жұмыс тобын құруға келісті», – деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Контекст
Былтыр министр Аида Балаева алаяқтар оның атынан жалған дауыс жазбаларын таратып жүргенін хабарлаған.