Өткен аптада әлеуметтік желілерде АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Илон Маск туралы жағымсыз пікір білдірген аудио тарады. Онда Маск «ұлы америкалық көшбасшы рөлін ойнап жүрген адам» және «әкімшілікті ыңғайсыз жағдайға қалдырады» деп сипатталған. Бұл туралы SecurityLab хабарлады.
Кейін Вэнстің коммуникация жөніндегі директоры Уильям Мартин X әлеуметтік желісінде бұл жазбаның «100% жалған» әрі «вице-президенттікі емес» екенін мәлімдеді. Ал аудио жазылған алғашқы пост жойылды.
Reality Defender компаниясының дезинформациямен күрес жөніндегі сарапшылары аудионы тексеріп, оның ЖИ көмегімен жасалғанын анықтады. «Біз бірнеше аудио талдау моделін қолдандық. Жасанды болу ықтималдығы өте жоғары», – деді компания өкілі. Оның айтуынша, аудионың жасанды екенін жасыру үшін жазбаға шу мен жаңғырық әдейі қосылған.
TikTok-та аудионың ЖИ сутаңбасы жоқ үзіндісі 2 миллионнан астам қаралым мен 8 мың пікір жинаған. Жазба YouTube пен X платформаларында да кеңінен таралды.
Контекст
2023 жылы сарапшылар АҚШ-та жасанды дауыстар көмегімен жасалатын телефондағы алаяқтық оқиғаларының көбейгенін мәлімдеді. Сол кезде-ақ ЖИ технологиялары алаяқтардың әрекетін айтарлықтай жеңілдететіні айтылған. Оларға адамның даусын келтіру үшін қысқа ғана аудиожазба жеткілікті болған.