Мемлекеттік органдар жүйесіне жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу қызметкерлерді қайта бағдарлауға себеп болуы мүмкін. Бұл туралы Kazinform цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевке сілтеме жасап хабарлады.
«Қанша қызметкер қысқартылатыны жөнінде нақты болжам жоқ. Бірақ ЖИ технологиялары қызметкерлерді қайталанатын тапсырмалардан босатып, оларға адамның ақыл-ойы қажет ететін интеллектуал, шығармашылық, стратегиялық жұмыстармен айналысуына мүмкіндік береді. Осылайша, біз мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырғымыз келеді», – деді министр.
Жаслан Мәдиев байланыс орталығының операторлары 20-30%-ға қысқаруы мүмкін, бұл жөнінде тиісті есептеулер жүргізіліп жатыр дейді. Өйткені үйретілген жасанды интеллект қоңырауларды өзі қабылдап, хабарлама жібереді.
Оның сөзінше, қолмен істейтін нәрсенің бәрін ЖИ тез әрі тиімді орындайды. Кейбір нәрселерді оңтайландыру үшін қызметкерлер қайта бағдарлануы мүмкін.