Лондонда Путинге ұқсайтын ер адам бейнеленген әйгілі картина көрмеден алына ма?

Наурызда орысша ресурстарда Лондон ұлттық галереясы Ян ван Эйктың “Арнольфини жұбының портреті” деген әйгілі картинасын алып тастайтыны туралы хабар тарады. Оған картинадағы адам Ресей президенті Владимир Путинге ұқсайтыны себеп деседі. «Проверено» фактчекерлері танымал суретке қатысты ақпаратты тексеріп көрді.

“Арнольфини жұбының портреті” картинасы (1434) — Солтүстік жаңғыру өкілі, нидерланд суретшісі Ян ван Эйктың ең танымал картиналарының бірі. Онда көпес Джованни ди Николао Арнольфини мен оның әйелі Брюггедегі үйінде бейнеленген.

Кейінгі екі он жылдықта картинаға қатысты қызық дерек ондағы бейнеленген ер адамның Владимир Путинге ұқсайтыны болып келді.

Адамдар Путин Ресейдің саяси аренасына шыққанда оның бет-әлпеті картинадағы адамға ұқсайтынын бірден байқады. 2000 жылғы қаңтарда Путин Ресей президентінің міндетін атқарушы лауазымын атқарғанда “Новая газета” басылымында “Ян ван Эйк Ресейдегі сайлау нәтижесін болжаған ба?” деген тақырыпта мақала жарияланды.

Алайда Лондон ұлттық галереясының баспасөз қызметінің өкілі Эсме Райт “Проверено” фактчекерлеріне қазір Ян ван Эйктың «Джованни Арнольфини мен оның әйелінің портреті» (1434) №28-бөлмеде ілініп тұрғанын және оны көрмеден алып тастау жоспарда жоқ екенін айтты. Оған қоса музейге картинаға қатысты ешқандай шағым түспегенін мәлімдеді.

Путинге ұқсайтын ер адам бейнеленген картинаны музейден алынатыны туралы тараған жазбалармен бірге 52 секундтық бір видео жарияланды. Онда 7sur7 бельгиялық жаңалықтар сайтының логотипі көрсетілген

Дегенмен 7sur7 сайты фактчекерлерге бұл видеоның фейк екенін, оларға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді: “Видео авторы біздің логотипті қолданған, видеоларымыздың стилін көшірген. Бірақ ондағы мәтін мен сурет біздікі емес”.

Сонымен қатар роликтегі тағы бір логотип Irish Examiner ресурсына тиесілі. Алайда бұл бейне медианың ешбір әлеуметтік желісіне жарияланбаған.

Factcheck.kz