Конгресс кіші Роберт Ф. Кеннедиді АҚШ-тың денсаулық сақтау министрі ретінде бекітті

Кіші Роберт Фрэнсис Кеннеди – вакцинацияға қатысты сындарымен танымал саясаткер, президенттікке түсу жоспарынан бас тартып, Дональд Трампты қолдаған. Кеше АҚШ Сенаты оны денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер министрі лауазымына ресми түрде бекітті. Бұл туралы «Америка дауысы» хабарлады.

Кеннедидің кандидатурасын 52 сенатор қолдап, 48-і қарсы дауыс берді.

Бұрынғы республикалық сенаторлар көшбасшысы Митч Макконнелл Кеннедидің тағайындалуына қарсы шыққан жалғыз республикашыл болды. Ол Кеннедиге қарсы 47 демократпен бірге дауыс берді.

Роберт Кеннеди кім?

71 жастағы Роберт Кеннеди – қоршаған орта құқығы бойынша маманданған заңгер. Ол Medicare және Medicaid бағдарламаларына жауапты ведомствоны басқарады. Бұл бағдарламалар 140 миллионнан астам америкалыққа медициналық сақтандыру ұсынады. Кеннеди басқаратын министрлікке Ұлттық денсаулық сақтау институттары (NIH) да кіреді.

Басылымның хабарлауынша, Кеннеди қолданыстағы вакцинацияға қатысты бағдарламаларды қолдауға уәде берген.

Антивакциналық ұстанымы

2020 жылы COVID-19 пандемиясы басталған кезде, Factcheck.kz Роберт Ф. Кеннедидің белсенді антивакциналық ұстанымы туралы жазған. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джон Фицджеральд Кеннедидің жиені пандемия кезінде көпшілікке онлайн түрде үндеу жасап, сол кезеңде жаңа әзірленіп жатқан COVID-19 вакциналарының тиімділігіне күмән келтірген.

Вакцина қауіпсіздігі тақырыбы Кеннедиді 2000-жылдардың басынан бері қызықтырып келеді. Қоршаған орта құқығы саласында адвокат болып жүрген кезінде ол су қоймаларының сынаппен ластануына назар аударуға тырысқан. Сол уақытта оған балалары екпеден зардап шеккен ата-аналар жүгінген. Олар бұған вакциналарда консервант ретінде қолданылатын сынап қосындысы тиомерсал кінәлі деген.

2014 жылы Кеннеди Америка тарихы мен әдебиетінің бакалавры, құқық магистрі және докторы ретінде 500 беттен тұратын кітап жазып, тиомерсалдың аса қауіпті екенін «дәлелдейтін» жүздеген зерттеуді сипаттаған.

Сол жылы Кеннедидің ықпалымен «Trace Amounts» атты деректі фильм жарық көрді. Фильм вакцинацияның қаупі мен аутизм эпидемиясы арасындағы байланысты насихаттады (екі жылдан кейін шыққан Vaxxed фильмімен шатастырмау керек, онда Эндрю Уэйкфилд қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцинаның аутизммен байланысын алға тартқан – ред.).

Trace Amounts фильмін насихаттау барысында саясаткерге үкіметтік емес ұйым құру идеясы келген. Шын мәнінде, бұл бұрыннан бар World Mercury Project ұйымының қайта жандануы еді.

Кіші Кеннедидің пандемия кезіндегі вакцинаға қарсы белсенділігі туралы Factcheck.kz толық материал жариялаған.

Контекст

2024 жылғы қарашада Дональд Трамп сайлауда жеңіске жеткеннен кейін, Truth Social желісінде Роберт Кеннедиді денсаулық сақтау министрі қызметіне ұсыну туралы идеяны айтқан.

Журналист

Factcheck.kz