Киевте журналист Айдос Садықовқа қастандық жасаған адамның бірі ұсталды

Киевте журналист, оппозиция белсендісі Айдос Садықовқа қастандық жасаған адамның бірі Алтай Жақанбаев ұсталды. Бұл туралы Қазақстанның бас прокуратурасы хабарлады.

21 маусымда Украина бас прокурорының кеңсесінің мәліметі бойынша, Киевте Айдос Садықовқа қастандық жасаған Қазақстанның екі азаматы болып шықты. Олардың бірі — 1991 жылы туған Мейрам Қаратаев, екіншісі — 1988 жылы туған Алтай Жақанбаев. Олар “белгісіз адамнан тапсырыс алып”, 2 маусымда Киевке барып, жалдамалы пәтерлерде тұрып, қылмысты жасауға дайындалған. Іс материалдары бойынша, 18 маусымда олар Киевтің Шевченко ауданындағы Садықов тұратын үй маңына барып, ол аулаға көлікпен келгенде тапаншадан оқ атқан. Бұдан соң олар оқиға орнынан кетіп, тапаншаны зообақ маңына тастаған.

Алтай Жақанбаевтың қайда ұсталғаны айтылмады. Бас прокуратура “тергеу мүддесі үшін” басқа ақпараттарды жарияламайтынын мәлімдеді. Ал екінші күдікті Мейрам Қаратаев іздестіріліп жатыр. Жергілікті медиа ақпараты бойынша, Қаратаев бұрын Қостанай облысында полиция қызметкері болып жұмыс істеген. Қазақстан ішкі істер министрлігі оны 2019 жылы жұмыстан шығарғанын мәлімдеді.

Factcheck.kz