Өзбекстандық чемпион президент сыйлаған жаңа көлігін соғып алғаны рас па?

Әлеуметтік желіде Парижде өткен Олимпиадада чемпион атанған өзбекстандық боксшы Баходыр Джалоловтың Tahoe көлігін жүргізіп келе жатып жол апатына ұшырағаны туралы түрлі ақпарат пайда болды. Factcheck.uz-дағы әріптестеріміз мағлұмат тексеріп көрді.

«Олимпиада чемпионы Баходыр Джалолов салтанатты жиыннан кейін апатқа ұшырап, президенттен жаңа ғана алған Tahoe көлігін соғып алды. Ұлттық Олимпиада комитетінің маңында халық көп болғандықтан Баходыр Жалалов Ұлттық ұлан көлігіне соқтығысқан. Ол шамамен 100 000 доллар тұратын жаңа көлігін тізгіндеген», делінген хабарламаның бірінде.

Ақпарат шын. 12 тамыз кешке Парижден келген Өзбекстан олимпиада құрамасының мүшелерін Ташкент әуежайында салтанатты түрде қарсы алды.

Салтанатты шара барысында Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне 50 мыңнан 200 мың долларға дейінгі ақшалай сыйлықтар, Tahoe және BYD Song Plus автокөліктері, сондай-ақ екі қабатты коттедждер мен пәтерлер табыс етілді. Премьер-Министр мен Сенат Төрағасы «Президент сыйлығы» деп жазылған марапаттарды табыс етті.

Көп ұзамай Баходыр Жалолов сыйға тартылған жаңа Tahoe көлігін тізгіндеп келе жатып, жол полициясы қызметкерінің «Малибу» көлігіне соқтығысқан. Желі қолданушылары оқиға орнынан түсірген видеоларын тарата бастады.

Баходыр Жалолов – бокстан екі дүркін Олимпиада чемпионы. Ол 2020 жылы Токиода финалда америкалық кіші Ричард Торресті жеңіп, алғашқы алтын медалін жеңіп алды.

Парижде 92 келі салмақта испандық Айюб Гадфаға қарсы рингке шықты. Ол қарсыласын жеңіп, алтыннан алқа тағынды.

Сонымен қатар 2021 жылғы қарашада Мемлекет басшысының Жарлығымен Оксана Чусовитина және Баходыр Джалолов атындағы спорт шеберлігі мектептері құрылып, оларға барлық қажет жағдайларды жасау тапсырылды. Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Джалолов атындағы мектепке алғашқы қабылдау 2022 жылы өтіп, бүгінде мұнда 50 дарынды оқушы білім алып жатыр.

Factcheck.kz