19 сәуірде Бейжің маңындағы Ичжуан ауданында 21 адам кейпіндегі робот мыңдаған әуесқой жүгірушімен бірге жартылай марафон жүгірді. Бұл — роботтар адамдармен бірге 21 шақырымды жүгіріп өткен алғашқы жағдай. Бұл туралы SecurityLab хабарлады.
Роботтарды жарысқа Қытайдың DroidVP және Noetix Robotics сынды компаниялары алып келді. Кейбірінің бойы 1,2 метрден қысқа болса, өзгелері 1,8 метрге дейін жетеді. Бір компания тіпті жымиып, көз қыса алатын, әйелдің бет-пішінінен аумаған робот-модельді ұсынды.
Бұл жарыс үшін роботтар бірнеше апта бойы арнайы дайындықтан өткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл марафон кәдімгі жарыстан гөрі, инженерлік бақылауда өтетін технологиялық сынаққа ұқсайды. Әрбір роботқа жауапты инженерлік және навигациялық топтар бекітілген.
«Роботтар өте сенімді және бірқалыпты жүгіріп жатыр. Мен роботтар мен жасанды интеллект дамуының жаңа кезеңіне куә болған сияқтымын», – деді көрермендердің бірі, ЖИ маманы Хэ Сишу.
Жол бойында роботтарды жаттықтырушылар ілестіріп, олар құлап қалмауы үшін физикалық қолдау көрсетіп отырды. Бір робот жүгіруге арнайы аяқкиіммен шықса, енді бірі бокс қолғаптарын киіп келген, тағы бірі маңдайына «Жеңеміз!» деген қытайша жазуы бар қызыл байлам тағып шыққан.
Бейжіңдегі гуманоидтық робототехника инновациялық орталығы жасаған Tiangong Ultra моделі жарыстың жеңімпазы болды. Ол межеленген 21 шақырымды 2 сағат 40 минутта жүгіріп өтті. Ал ең жылдам адам бұл қашықтықты 1 сағат 2 минутта еңсерді.
Бұл орталықтың 43%-і Қытайдың екі мемлекеттік компаниясына тиесілі, қалған бөлігін Xiaomi-дің робототехникалық бөлімі мен UBTech жетекші компаниясы басқарады.
Орталықтың бас технологы Тан Цзяньның айтуынша, Tiangong Ultra-ның жетістігі — ұзын аяқтар мен адамның жүгіру техникасын қайталайтын алгоритмнің арқасы. Робот жарыс бойы небәрі үш рет қана батарея ауыстырған.
«Мақтанғаным емес, бірақ әзірге батыстық ешбір компания мұндай спорттық нәтиже көрсеткен жоқ», – дейді ол.
Дегенмен роботтардың кейбірі әрең қозғалды, бірі жарыстың басында-ақ құлап түсіп, бірнеше минут жерде жатты. Тағы бірі қоршауға соғылып, операторды құлатқан.
Айта кетейік, былтыр Қытай марафондарында гуманоидтық роботтар көрсетілгенімен, бұл — роботтар алғаш рет адамдармен тең жарысқа түскен алғашқы оқиға.
Қытай билігі робототехникаға салынған инвестициялар ел экономикасын жаңа белеске шығарады деп сенеді. Алайда кей сарапшылар мұндай қойылымдар роботтардың шынайы өндірістік әлеуетін көрсетпейді дейді.
«Роботтардың жүгіруін қамтамасыз ететін бағдарламалар бұрыннан бар, бұл — ЖИ саласындағы серпіліс емес. Қытай компаниялары көбіне көз тартарлық қойылымдарға, жүру, жүгіру, билеу мен акробатикалық көріністерге көңіл бөледі. Иә, қызық, бірақ роботтың шынайы пайдасы мен ақыл-ой деңгейі туралы көп нәрсе айтпайды», – дейді Орегон мемлекеттік университетінің жасанды интеллект профессоры Алан Ферн.