Өскемен әкімдігі 9 желтоқсанда бірыңғай уақыт белдеуіне қарсы пикет, митиң және шеру өткізбек болған белсенділерге рұқсат етпеді. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.
Әкімдік белсенділерге наразылық акциясына белгіленген жерлерде дене шынықтыру-сауықтыру, мәдени іс-шаралар өтеді деп айтқан.
Белсенділер – Светлана Бирюкова, Леонид Карташев, Александра Осипова акция белгіленген уақыттарда алаңды барып тексерген, бірақ онда ешқандай іс-шара ұйымдастырылмаған.
Үш белсенді наразылық акцияларын өткізетінін Өскемен әкімдігіне 2 желтоқсанда хабарласса да, әкімдік тек 9 желтоқсанда ғана жазбаша жауап берген.
Ал Азаттық тілшісінің “іс-шаралар неге өтпеді” деген сұрағына әкімдік “ұйымдастыруды жоспарлаған адамдардан сұрау керек” депті. Шаралардың ұйымдастырушысы туралы сұрақ жауапсыз қалған.
Биыл 1 наурызда Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуіне көшіп, бүкіл елде уақыт теңестірілді. Бұл көп өңірге қолайсыз болып, халықтың біразы наразылық білдірді. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары өзінің табиғи уақыт белдеуінен ажырап, күн ерте батып кететініне қынжылды. Тамызда сауда министрлігі “Уақытты кері қайтару” талабымен жариялаған петицияны қабылдамады. Үкіметтің ұстанымы бойынша, елдегі бірыңғай уақыт белдеуі мемлекеттік мекемелер мен бизнестің жұмысын үйлестіруге қолайлы.