27 тамызда үкіметтің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерін төменгі қабаттағы баспасөз орталығына көшірді. Журналистерге отырыс өтетін залға кіруге тыйым салынды. Бұл туралы “Власть” сайты хабарлады.
Премьер-министрдің баспасөз хатшысы Диляра Аленованың сөзінше, ол жаққа енді телеоператорлар мен фотографтар да кіре алмайды.
Үкімет отырысы үшінші қабаттағы залда өтеді. Бұған дейін журналистер де сол қабатта жұмыс істейтін. Ал телеоператорлар мен фотографтар отырыс алдында залға кіріп, фото, видео түсіре алатын. Енді журналистер екінші қабатта отырады.
“Бұрынғы баспасөз орталығында 36 орын бар еді, аккредитациясы бар журналистердің орташа саны 70-тен асады. Баспасөз орталығымыз енді осы жерде болады. Қазір үшінші қабатта баспасөз орталығы жоқ, журналистерге жұмыс істей алатын орын жоқ. Жұмыстың бәрі осы жерде болады”, – делінген “Власть” сайтында.
Айта кетейік, “Шекарасыз тілшілер” ұйымының баспасөз еркіндігіне қатысты индексінде Қазақстан әлем бойынша 180 елдің арасында 142-орында тұр.