Қазақстан Ішкі істер министрлігі интернеттегі алаяқтардың қандай тәсілдерге жиі жүгінетінін айтып, Polisia.kz ресми сайтында азаматтарға арналған жадынама жариялады.
Алаяқтардың кең тараған әдістері
Алаяқтар көбіне мынадай әрекеттерге барады:
- Бағасы төмендетілген тауарлар туралы жалған хабарландырулар жариялайды;
- Өзін ұялы байланыс операторларының, банктердің, құқық қорғау органдарының, медициналық мекемелердің, коммуналдық қызметтердің немесе жеткізу қызметтерінің өкілі ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен, тіпті қылмыстық қудалауға ұшырайтынын айтып қорқытып, «қауіпсіз есепшоттарға» ақша аударуды талап етеді;
- Жоғары табысқа кепілдік беретін инвестициялық жобаларға қаржы құюды ұсынады;
- Өзін заңгер ретінде таныстырып, басқа алаяқтар ұрлаған ақшаңызды қайтарып беремін деп сендіреді;
- Хабар алмасу қосымшаларын бұзып, туыстарыңыздың, достарыңыздың немесе науқас баланың ата-анасының атынан хабарласып, ақша сұрайды;
- Шетелде жұмыс істеуге шақырамыз деп хабарлап, құжаттарды рәсімдеу, сақтандыру немесе виза үшін алдын ала төлем талап етеді;
- Бағасы арзан демалыс үйлері мен коттедждерді жалға беруді ұсынып, пәтерді алдын ала көрсетуге немесе келісімшарт жасауға қарсы болады;
- Ауру бала немесе ардагердің атынан эмоциялық суреттермен бірге көмек сұраған жазбалар жариялайды.
Алаяқтардан қалай сақтануға болады?
Министрлік интернет алаяқтарының құрбаны болмау үшін мына кеңестерді ұсынады:
- Сатушыны мұқият тексеріңіз: пікірлерді оқып, байланыс мәліметтерін нақтылап, мүмкін болса, видеоқоңырау арқылы сөйлесіңіз;
- Ешқашан қысыммен ақша аудармаңыз – мейлі тауар үшін болсын, мейлі «банк» не «құқық қорғау органдары» талап етіп жатса да;
- Қауіпсіз әрі табысы кепілді деп сендіретін инвестицияларға сенбеңіз;
- Ақшаны қайтаруға көмектесемін дейтін «заңгерлер» мен ұйымдардың заңдылығын тексеріңіз – бұлардың арасында да алаяқтар жиі кездеседі;
- Қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеңіз;
- Байланыс үзіледі, нөміріңіз бұғатталады деген сияқты қорқытуларға сенбеңіз;
- Құпиясөздерді жиі жаңартып тұрыңыз, 3D-қорғауды іске қосыңыз және онлайн-банкиңдегі қауіпсіздік мүмкіндігін пайдаланыңыз;
- Есіңізде болсын: полиция ешқашан телефон арқылы «арнайы операциялар» жүргізбейді.
Контекст
Бұған дейін Ұлттық банк алаяқтар балаларды алдап, ата-аналарының банк картасына қатысты мәліметтерді алып жатқанын хабарлаған. Онлайн-ойындар арқылы банк карталарының дерегін ұрлау жағдайлары көбейген. Алаяқтар өзін компания қызметкерлері немесе ойын әкімшісі ретінде таныстырып, балаларға ойын ішіндегі бонустар мен сыйақылар береміз деп сендіріп, банк картасының нөмірін, CVV-кодын және SMS арқылы келетін растау кодтарын сұрайды.