Қазақстанда журналистердің аккредитациясына қатысты жаңа ережелер бекітілді

Қазақстанда журналистерді аккредиттеудің жаңа ережелері күшіне енді. Бұйрыққа Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қол қойды.

Жаңа ереже бойынша, енді журналистер бір жылға тұрақты аккредитация, ал белгілі бір оқиғаға уақытша аккредитация ала алады. Оған қоса журналист алты айға аккредитациясынан айырылып қалуы да мүмкін. Тұрақты аккредитация алған журналиске де, уақытша түрін алған журналиске де бірдей талап пен шарт қойылады.

Аккредитация алған журналиске қойылатын шарттар мынадай:

  • Ақпаратты тек аккредиттеу туралы өтініш алынған бұқаралық ақпарат құралдарында жинауы және таратуы керек;
  • Іс-шара ережелерін сақтауы қажет;
  • Ерекше маңызды мемлекеттік объектілер мен стратегиялық объектілерге кіру және объектішілік режимді сақтауы керек;

Журналиске тұрақты аккредитация төмендегі себептер бойынша берілмеуі мүмкін:

  • БАҚ жұмысының тоқтатылғаны туралы заңды күшіне енген сот шешімі болса;
  • Қажет құжаттарды толық ұсынбаса;
  • Журналист істейтін жұмыс орны БАҚ туралы тіркеуде болмаса берілмейді.

Журналисті аккредитациясынан айыруға төмендегі себептер негіз бола алады:

  • БАҚ бас редакторының немесе БАҚ басшысының журналисті тұрақты аккредиттеуден айыру туралы мәлімдемесі;
  • Журналистің аккредиттейтін ұйымның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратуы және бұл іс-әрекетінің сот шешімі бойынша танылуы;
  • БАҚ жұмысы тоқтағанын растайтын, заңды күшіне енген сот шешімінің болуы;
  • Журналистің ұйымның шарттарын екі не одан көп рет бұзуы.

Тұрақты аккредиттеу туралы өтініш құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталған күннен бастап үш жұмыс күнінде қаралады.

Factcheck.kz