Қазақстан БҰҰ-ның Ресейді “агрессор” деп атаған қарарын қолдады ма?

Әлеуметтік желі мен бірқатар медиада Қытай, Қазақстан және тағы басқа елдер БҰҰ-ның Ресейді “агрессор” деп атаған қарарын қолдағаны туралы хабар тарады (1, 2, 3). Алайда қарардың Ресей мен Украинаға қатысты пунктіне бөлек дауыс берілген болып шықты. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.

26 сәуірде Біріккен Ұлттар Ұйымының бас ассамблеясы 122 дауыспен БҰҰ мен Еуропа Кеңесі арасындағы ынтымақтастық туралы қарарды қабылдады. Онда Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы да айтылған. Қарарды Қазақстаннан басқа Қытай, Түркия, Армения және Бразилия сияқты мемлекеттер қолдаған.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, бұл қарар 2000 жылдан бері БҰҰ бас ассамблеясында БҰҰ-ның өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығына қатысты күн тәртібіндегі мәселенің бір бөлігі ретінде тұрақты түрде қаралып келе жатыр. Ол әрқашан ешқандай дауыссыз, консенсус негізінде қабылданған.

Дәл осы жылы қарарға жаңа тармақ қосылған, дегенмен ол Ресейдің сынына ұшыраған. Ресей делегациясы алдын ала консультациялар барысында осы тармақ бойынша бөлек дауыс беруді сұраған. Жеке дауыс беру кезінде 81 ел тармақты қолдап дауыс берсе, 10 ел қарсы болған. Ал 48 мемлекет қалыс қалған. Айбек Смадияровтың сөзінше, бұл тармақтың саясиландырылғанын ескеріп, Қазақстан жеке дауыс беруде қалыс қалуды жөн көрген.

Тұтастай қарар бойынша дауыс беру кезінде Қазақстан делегациясы қолдап дауыс берді. Өйткені бұл – БҰҰ мен Еуропа кеңесінің ынтымақтастығы туралы қарар, ондағы барлық 38 тармақ Ресей мен Украина арасындағы мәселеге емес, екі халықаралық ұйымның ынтымақтастығына арналған. Қазақстанның бұл қарарға дауыс беруі БҰҰ Бас ассамблеясының дауыс беру аясында көрсетілген Ресей-Украин жанжалына қатысты ұстанымымызды көрсетпейді. Қазақстан мұндай қарарлар тараптардың түсінісуіне көмектеспейтініне, керісінше, тек дағдарысты ушықтыратынына және екі жақты айырмашылықтарды одан әрі ажырататына сенімді.

Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрлігі

Осылайша, Қазақстанның БҰҰ-ның Еуропа Кеңесімен ынтымақтастық туралы қарарға қолдап дауыс бергені рас. Дегенмен оның ішіндегі Ресей мен Украинаға қатысты тармаққа жеке дауыс беру кезінде қалыс қалған.

Factcheck.kz