«Шекарасыз тілшілер» ұйымының кейінгі жыл сайынғы баспасөз еркіндігіне қатысты рейтиңінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орынға ие болып, 2023 жылмен салыстырғанда сегіз позицияға төмендеген. Қазақстан соңғы рет бұл орында 2009 жылы болған.
3 мамыр – Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні. Бұл күні «Шекарасыз тілшілер» халықаралық үкіметтік емес ұйымы жыл сайынғы баспасөз еркіндігі индексін жариялайды.
Авторлардың айтуынша, кейінгі уақытта баспасөз еркіндігі қатты алаңдататын жағдайға айналды.
«Бүкіл әлемде баспасөз еркіндігіне кепіл болуы керек адамдар – саяси биліктегі адамдар қауіп төндіріп жатыр. Бұл тұжырым рейтиңді дайындағанда қолданылған бес көрсеткіштің ішінде саяси көрсеткіштің төмендегеніне негізделіп айтылып отыр. Жаһандық орташа көрсеткіш 7,6 пунктіге төмендеді», – делінген баяндамада.
Ұйым «журналистерді қорғау қағидаларын сақтауды қамтамасыз етуге халықаралық қоғамдастықтың саяси ерік-жігерінің жоқ екенін” баяндаған. Газада 2023 жылғы қазаннан бері журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты құқық бұзушылық көп тіркеліп, рекорд орнатты. Мысалы, 100-ден астам палестиналық тілші қаза тапты.
2023 жылы әртүрлі елде сайлау болғанда журналистер де зардап шекті. Сайланған немесе қайта сайланған (Аргентина мен Түркиядағыдай) немесе билікті басып алған (Нигер, Буркина-Фасо және Малидегі сияқты) жаңа басшылар БАҚ-қа бақылауды күшейтіп, журналистердің жұмысына кедергі келтіріп жатыр.
Тағы бір алаңдатарлық тенденция – саяси себептермен жалған ақпарат тарату үшін жасанды интеллект технологиясын қолдану. Мысалы, Словакиядағы парламенттік сайлау кезінде журналист Моника Тодованың аудио фейгін айтуға болады. Бұл – сайлау нәтижесіне әсер ету үшін журналистің беделін түсірудің алғашқы құжатталған жағдайларының бірі.
«Көптеген үкімет әлеуметтік желі мен Интернетке бақылауды күшейтті, кіруді шектеді, тіркелгендерді бұғаттады және жаңалықтар мен ақпарат беретін хабарламаларды басып тастады», – деді баяндама авторлары Вьетнам мен Қытайды мысал ретінде келтіре отырып. Көптеген елде саяси топтар арнайы арна ашып, жиі жалған ақпарат таратып жүр.
Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда Ресейдегі репрессия әдістері сияқты цензура күшейді. Оның үстіне Кремль саясатының әсері Еуропалық Одақ елдерінде де, атап айтқанда Венгрия мен Словакияда да сезілді.
Баяндама авторларының айтуынша, Қазақстанда медиа-кеңістік биліктің үгіт-насихат құралына айналған. Қорқынышты тенденциялардың қатарында үкіметке БАҚ-қа бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заң, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі «Ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген» жағдайда шетел басылымында істейтін журналистерді аккредиттеуден бас тарта алатын жаңалық бар.
Сонымен қатар кейінгі кездері жиілеп кеткен БАҚ-қа жасалған кибершабуылдар, журналистердің жұмысы үшін әлеуметтік желілерде, өмірде шабуылдардың құрбанына айналғаны да айтылды.