Иранда “хиджаб кимегені үшін” әдеп полициясы ұстаған 16 жастағы Армита Гераванд комаға түскен. Бұл туралы CNN хабарлады.
Дәрігерлер Геравандтың “жүйке жүйесі істен шыққанын” айтқан. Ал туыстары қыздың бұрын ауырмағанын мәлімдеп отыр. Қыздың туыстары ауруханаға кіре алмай отыр.
Ирандағы құқық қорғаушылардың айтуынша, Армита Гераванд биыл қазанның басында метрода ұсталған. Полицейлердің әрекетінен жарақаттанып, салдарынан комаға түскен.
Иран билігі “полиция Геравандқа күш қолданды” деген ақпаратты жоққа шығарып отыр. Иранның мемлекеттік IRNA агенттігі оқиға болған станциядағы бақылау камераларының жазбаларын көрсетті. Онда Геревандтың екі құрбысымен бірге пойызға кіргені көрінеді, одан кейін ес-түссіз жатқан қызды платформадан алып бара жатады. Пойызда нақты не болғанын көрсететін кадрлар жоқ.
Айта кетейік, былтыр қыркүйекте Тегеранда белсенді Махса Әминиді “хиджабты дұрыс кимегені үшін” полициясы ұстап, кейін қайтыс болған. Марқұмның туыстары полиция оған күш қолданған дейді. Әминидің өлімінен соң елде үлкен наразылық болды.