Қазақстанда жаңалық тарататын сайттар, құқыққорғау ресурстары мен бұғаттаудан айналып өтуге көмектесетін құрылғылар жиі бұғатталады. Бұл туралы Internet Freedom Kazakhstan мен Еуразиялық цифрлы фонд Қазақстандағы интернет-цензура жөніндегі зерттеуіне сүйеніп хабарлады. Олар оны Open Observatory of Network Inference-пен бірлесіп жасаған. Зерттеуде 2023 жылғы маусымнан бастап 2024 жылғы маусымға дейінгі жағдай қамтылған.
Зерттеу авторларының негізгі қорытындысы мынадай:
- Бірқатар жаңалық сайттары бұғатталған. Зерттеу нәтижесі бойынша, елде жаңалық тарататын 17 БАҚ бұғатталғаны белгілі болды. Олардың қатарында Kloop, Centralasia.media және Vice News сияқты қырғызстандық, ресейлік ресурстар бар. Бұл сайттар Қазақстанда жиі қолданылатын TLS-байланыс (MITM-шабуыл) арқылы бұғатталған.
- Құқыққорғау ресурстары бұғатталған. Amnesty International уеб-сайтының орыс тіліндегі нұсқасына, Change.org және Ipetitions.com сияқты петицияға арналған сайттарға кіруге, оларды қолдануға шектеу қойылған.
- Цензураға арналған құралдар қолданған. Қазақстандағы сайттарды 19 түрлі желіде үйлестіру үшін Deep Packet Inspection (DPI) технологиясы қолданылған. Сондай-ақ MITM (Man-In-The-Middle) шабуылдарын жүргізу үшін соңғы ҚР ҰКА түбірлік сертификаты пайдаланылғаны белгілі болды.
Құқықтық аспектілерді зерттеген зерттеушілердің айтуынша, елдің кейбір заңы мемлекеттік органдарға сот шешімінсіз интернет-ресурстарды бұғаттауға мүмкіндік береді. Мәселен, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Байланыс туралы» заңдар сайттарды бұғаттауға негіз болып, сөз еркіндігі мен ақпаратты емін-еркін алу, тарату мүмкіндігін шектейді.
Оған қоса Internet Freedom Kazakhstan ProTenge және Medianet сияқты қазақстандық медиа ұйымдармен сұхбаттасып, олардың сайттары DDoS-шабуылға ұшырағанын, ресурстары бұзылғанын анықтады.
OONI дерегі бойынша, бұғаттау әрекетінің көбі TLS-байланыс арқылы жүзеге асырылады. Ұйым MITM-шабуылдарды жүргізу үшін мемлекеттік түбірлік сертификат қолданылғаны туралы деректі тіркеді.