28 қарашадан бері Грузияда елдің Еуроодаққа кіру бойынша келіссөздерінің тоқтатылуына байланысты наразылықтар өтіп жатыр. Factcheck.kz Медиажелі журналисі Женя Снежкинаның елдегі қазіргі жағдай туралы шолуын ұсынады.
Мұқабадағы фото: Кавказский Узел
Не болып жатыр?
Полиция наразылыққа қатысушыларға қарсы қатаң шаралар қолданып, оларды көзден жас ағызатын газ бен су атқыштардың көмегімен таратып жатыр. 1 желтоқсанда арнайы жасақ наразылық білдірушілерге арнайы құралдар қолданды, ал наразылар өз кезегінде құқық қорғау органдарына пиротехникалар лақтырды.
2 желтоқсан күнгі жағдай бойынша ұсталғандар саны 224 адамға жетті. Белсенділер мен оппозиция өкілдері полицияның шамадан тыс күш пен арнайы құралдарды негізсіз қолданып жатқанын мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше, түнгі жағдайдан кейін 37 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 24-і наразылыққа қатысушылар, ал 12-сі полицейлер.
2 желтоқсаннан 3 желтоқсанға қараған түні наразылық білдірушілер Тбилисидің орталық көшелерінің бірінде баррикадалар орнатты. Акцияны тарату үшін арнайы жасақ көзден жас ағызатын газ қолданды және наразыларды парламент ғимаратынан ығыстырды. Бұған жауап ретінде наразылық білдірушілер пиротехника қолданды.
Кімдер наразылық білдіріп жатыр?
Грузияда қарсылық қозғалысы күшейіп келеді. Наразылық акциялары тек ел астанасында ғана емес, сондай-ақ Батуми, Гори, Зугдиди, Ахалцихе және Чиатура қалаларында да өтіп жатыр.
Наразылыққа мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері де қосылды. 30 қарашада үкімет саясатына қарсылық ретінде Грузияның Литвадағы, Нидерландтағы, Италиядағы, АҚШ-тағы және Болгариядағы елшілері отставкаға кететінін мәлімдеді. Қорғаныс министрлігі (50 адам), Білім министрлігі (200 адам), Мемлекеттік қызметтерді дамыту агенттігінің (100 адам) қызметкерлері үкімет пен билеуші партияны сынаған мәлімдемелерге қол қойды. Сондай-ақ, Грузия Конституциялық сотының 17 судьясы «Грузин арманы» партиясының шешімімен келіспейтінін ашық мәлімдеді.
29 қарашада Грузияның бірнеше университеті наразылық белгісі ретінде оқу процесін тоқтататынын жариялады. 2 желтоқсаннан бастап студенттердің наразылығына мектеп оқушылары қосылды. Олар Тбилисиде проеуропалық митиңдерді тарату кезінде полицияның күш қолдануына қарсы ереуілдер мен наразылық акцияларын өткізіп жатыр.
Мектеп оқушыларына ата-аналар да қосылды. Олар балаларымен бірге кезекті демонстрацияны күшпен таратуға қарсы наразылық білдіріп, елдің Еуроодаққа мүше болу туралы келіссөздерінің тоқтатылуына наразылық ретінде үкімет ғимаратына жиналды.
Үкімет не дейді?
Үкімет мемлекеттік аппараттағы жаппай наразылықтарды елемеуге тырысып отыр. Премьер-министр Ираклий Кобахидзе тіпті мемлекеттік аппарат қызметкерлерінің жаппай жұмыстан кетуі мемлекеттік жүйенің тазартылуына ықпал етеді деп мәлімдеді. «Бұл жағдайдың жақсы жағы — жүйе әртүрлі бағыттар бойынша тазарып жатыр және ол өзін-өзі тазарту режиміне көшті. Әрине, бұл процесс соңына дейін жеткізіледі», — деді Кобахидзе 2 желтоқсандағы үкімет отырысында.
Грузияның билік басындағы саясаткерлері наразылықтарды Батыстың, оның ішінде «бесінші колоннаның» ықпалымен ұйымдастырылған деп сендіруге тырысып отыр. «Грузиядағы наразылықтарды еуропалық саясаткерлер мен оппозиция, шын мәнінде, сыртқы агентура ұйымдастырды», — деді премьер-министр. Бұл ұстаным соңғы уақытта «Грузин арманы» партиясы қабылдаған Батысқа қарсы бағытты айқын көрсетеді.
Президенттің ұстанымы қандай?
14 желтоқсанда жалпыға бірдей дауыс беру арқылы емес, сайлаушылар алқасының шешімімен жаңа ел президенті сайлануы тиіс. Алайда 30 қарашада Грузия президенті Саломе Зурабишвили өткен сайлаудың заңдылығына грузиялық қоғамның айтарлықтай бөлігінің күмәнданатынына байланысты өзін елдегі жалғыз заңды билік санайтынын мәлімдеді. Ол Батыс елдері серіктестерінің көмегімен жаңа, әділ парламент сайлауы өткенге дейін қызметінде қала беретінін айтты.
Зурабишвили 26 қазанда өткен парламент сайлауын заңсыз өтті деп санайтынын бірнеше рет айтты. Ол сайлаудың заңдылығы немесе заңсыздығы туралы шешімді елдің Конституциялық соты қабылдауы керек деп талап етіп отыр. 19 қарашада Грузияның Конституциялық соты президенттің парламенттік сайлау кезінде азаматтардың құқықтарының бұзылуына қатысты шағымын қабылдады. Дегенмен Грузияның Конституциялық соты президенттің парламенттік сайлаудағы заң бұзушылықтарға қатысты шағымын қанағаттандырудан бас тартты. «Бұл түпкілікті шешім және шағымдануға немесе қайта қарауға жатпайды», – деп хабарлады сот өкілдері.
Зурабишвили жағдайдан бейтарап қалуды жөн көріп, басқа саяси жүйе өкілдерін наразылықтарға ықпал етуге немесе халық арасындағы көңіл-күйді пайдаланбауға шақырды.
«Барлығымыз наразылықтарға саяси партиялардың, соның ішінде менің де араласуым қажет емес екенімен келістік. Бұл, ең алдымен, қоғамның мәселесі. Алайда, әрине, наразылық білдірушілер қолдауға және қорғауға мұқтаж. Бұл іспен үкіметтік емес ұйымдар мен заңгерлер айналысып жатыр», — деді президент. Сондай-ақ, ол саяси көшбасшылардың консультацияларды жалғастырып жатқанын және алдағы уақытта жоспарларды мәлімдейтінін айтты.
Халықаралық қауымдастықтың реакциясы
Батыс елдерінің саяси серіктестері Грузиямен ынтымақтастықты тоқтатып, санкциялық механизмдерді іске қосып жатыр. Қазіргі уақытта бұл санкциялар еуроинтеграция процесін бұзған және демонстрацияларды күшпен таратқан шенеуніктерге бағытталған.
30 қарашада АҚШ Мемлекеттік департаменті Грузиямен стратегиялық серіктестікті тоқтататынын мәлімдеді. Мемлекеттік департаменттің хабарламасында бұл шешім ел билігінің жақында жасаған антидемократиялық әрекеттері мен екіжақты серіктестік негіздерін бұзғаны үшін қабылданғаны айтылды.
2 желтоқсанда Еуропарламент депутаттары Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкіліне Грузия үкіметінің шенеуніктеріне және «Грузин арманы» билеуші партиясының құрметті төрағасы Бидзина Иванишвилиге қарсы санкциялар енгізу туралы үндеу жасады. Бұдан бөлек, Литва, Латвия және Эстония «Грузиядағы заңды наразылықтарды басып-жаншығандарға» қарсы бірлескен санкциялар енгізу туралы келісімге келді. Санкцияға ілінгендер тізіміне Иванишвили мен Ішкі істер министрі Вахтанг Гомелаури бар.
Бұл шешімдерге жауап ретінде премьер-министр Кобахидзе еуропалық саясаткерлерді елде арандатушылық ұйымдастырды деп айыптады.