Финляндияда сол елдің пішініне ұқсайтын көл бар ма?

Әлеуметтік желі мен туризмге қатысты сайттарда Финляндияда орналасқан кішігірім Нейтокайнен көлі туралы қызық ақпарат тарады. Бұл су қоймасының пішіні Финляндияның жер аумағының пішініне ұқсайды деседі. Snopes фактчекерлері мағлұматтың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Фактчекерлер солтүстік Финляндияның халық аз қоныстанған бөлігінде шынымен де Финляндияның үлгісі ретінде 1:10 000 масштабта жобаланған жасанды су қоймасы бар екенін анықтады.

Нейтокайнен көлі, дәлірек айтсақ, тоған туристік ауылдың орталығы болуы керек еді. Дегенмен ол ауыл салынбай қалды. Тоғанның өзін Google Maps қолданбасынан көруге болады.

Финляндияда сол елдің пішініне ұқсайтын көл бар ма?

1980 жылдардың соңында экономика қарқынды өсті, туризм дамыды, шаңғы тебуге қызығатынтар көбейді. Сол себепті Polartrio компаниясы финдердің Лапландиясының жерін игере бастады. Veikkaus басылымының 2015 жылғы ақпараты бойынша, Polartrio шаңғышылар мен туристер үшін қонақүй мен ондаған демалыс үйлерін салуды жоспарлаған.

Жобаның бас құрылыс менеджері Эско Саяскилахти аймақтағы бар тоғанды ​​кеңейту барысын сипаттап, жобаның барлығы бір аптаға созылғанын айтты.

«Бос кештерінде Саяскилахти демалыс ауылының жоспарына қарап, орталықтағы жоспарланған тоғанмен не істеуге болатынын ойлады. Саяскилахти оны көлге айналдырып, кеңейтуді шешті. Polartrio Саяскилахтидың жоспарын бекіткен соң, оларға көлді салуға бір апта уақыт берді. Көл екі экскаватор және бірнеше адамның көмегі арқылы 1991 жылғы жаздың аяғында бір аптаның ішінде салынды. Оның ұзындығы 116 метр, тереңдігі бір метр болды».

Veikkaus сайтындағы Эско Саяскилахтидың пікірі

Snopes хабары бойынша, 1991 жылы Финляндияда экономикалық дағдарыс басталып, туризм саласына және Арктика курорттарына сұраныс азайды. Туристік жұмаққа айналамыз деп жоспарланған жерде адам тұрмады.

Factcheck.kz