«Курсив» басылымының тілшісі Руслан Бикетов әкімшілік қамау жазасын Алматы қалалық полицияның уақытша қамау изоляторында өтеп жатыр. Оның адвокаты Жанар Балғабаева мұны әділетсіздік деп атады. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.
Адвокаттың сөзінше әкімшілік қамауға алынғандар жазасын арнайы тағайындалған орында өтеу керек. Ал мұндай шешімнің себебі ресми түрде әкімшілік қамауға алынғандарды қабылдайтын арнайы орында орын жоқ. Жанар Балғабаева бұл шешімді қысым деп бағалады.
19 қаңтарда Art of Her журналының бұрынғы бас редакторы, «Курсив» басылымының қазіргі тілшісі Руслан Бикетов қамаудағы Темірлан Еңсебекті қолдап, пикетке шыққан еді. Оны полиция алып кетіп, артынша 15 тәулікке әкімшілік қамауға алды.
Бикетовтен басқа, Қазақстанның бірнеше өңірінде белсенділер «Сатира – қылмыс емес» деген жазумен Еңсебекті қолдап пикетке шыққан. Олардың кейбірін қамауға алып, кейбіріне айыппұл салды.
17 қаңтарда полиция Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің үйін тінтіп, артынша екі айға қамағанын еске салайық. Оған 174-бап бойынша «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылып отыр. Белсендінің адвокаты Жанара Балғабаева Еңсебектің қамалуына ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық пост түрткі болған дейді. Оның сөзінше, сотқа дейінгі тергеу амалдары қылмыстық қудалау органының рапортынан басталған.
Басты беттегі сурет The Village Kazakhstan басылымынан алынды.