Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың жаңа түрі жөніндегі ақпаратты жоққа шығарды

Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті коронавирустың «жаңа әрі қауіпті түрі» туралы ақпаратты терістеді.

«Желіде тарап жатқан коронавирустың COVID-Omicron XBB жаңа түрі туралы ақпарат ескі фейк»,- деп хабарлады комитеттің баспасөз-қызметі.

Коронавирустың ахуалы қандай?

Ресми деректер бойынша, жыл басынан бері елде коронавирус инфекциясының 51 жағдайы тіркелген, бірақ ауруханаға жатқызу мен өлім-жітім болған жоқ. Соңғы секвенирлеу нәтижелері көрсеткендей, Қазақстанда да бүкіл әлемдегідей омикрон штамының әртүрлі нұсқасы айналымда жүр. Былтырғы осы уақытпен салыстырғанда вируспен ауыру жеті есе төмендеді. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

COVID-Omicron XBB және зомби-фейк

Денсаулық министрлігі хабарлағандай, бұл фейк бұрын да тараған. Жалған ақпарат әлеуметтік желілерде қайтадан шыққан болуы мүмкін.

2023 жылдың басында Factcheck.kz WhatsApp желісінде омикронның SARS-Cov-2 штаммының XBB деп аталатын қосалқы түрі жөнінде ақпарат тарап жатқанын жазған. Онда бұл штамм дельта штаммына қарағанда бес есе уытты әрі қауіпті деп айтылады. Дереккөз ретінде денсаулық сақтау министрлігі көрсетілген, бірақ қай ел екені жазылмаған.

Вирустың XBB қосалқы нұсқасы шынымен бар. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-Omicron XBB дельта штаммына қарағанда бес есе уытты әрі өмірге қауіп төндіреді деген ақпаратты растаған жоқ.

XBB және XBB 1.5 деген не?

XBB – омикрон штаммының қосалқы нұсқасы. XBB адамның омикронның екі қосалқы нұсқасын – BA.2.10.1 және BA.2.75 бір уақытта жұқтыруы нәтижесінде табиғи түрде пайда болған. Бұны алғаш рет 2022 жылғы жазда Үндістанның денсаулық сақтау органдары анықтады. XBB.1.5 – XBB нұсқасының тармағы, және ДДСҰ мәліметінше, 2023 жылы 38 елде тараған.

Контекст

2024 жылдың аяғында WhatsApp-та белгісіз адамдар жаңа жылдық акция аясында танымал брендтердің парфюм сынамаларын пошта жәшіктеріне салып кетеді деген хабарлама тарады. Онда «бұл сынамаларды ашуға және иіскеуге болмайды, өйткені бірнеше рет дем тартқан соң арты өлімге әкеледі» делінген. Алайда Factcheck.kz бұл ақпараттың ескі фейк екенін анықтады.


Журналист

Factcheck.kz