Азаттық аккредитация бермеген СІМ шешіміне қарсы арыз түсірді

30 қаңтарда Азаттық Радиосының Қазақстандағы өкілдігі Сыртқы істер министрлігіне қарсы арыз түсірді. Бұл туралы редакцияның өзі хабарлады.

Редакция арызды Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жазған. Онда олар Сыртқы істер министрлігінің Азаттық журналистеріне аккредитация бермегенін немесе оның мерзімін ұзартпағанын заңсыз әрекет деп танып, күшін жоюды сұраған.

Азаттық қызметінің хабарлауынша, олар 2023 жылғы қыркүйек пен қазанда редакцияның 30-дан астам журналисін аккредиттеу үшін министрлікке өтініш жазған. Заң бойынша, министрлік өтініш түскен күннен бастап екі ай ішінде, яғни 2023 жылғы 27 желтоқсанға дейін жауап беруге тиіс еді. Алайда СІМ редакцияға 2024 жылғы 3 қаңтарда ғана жауабын жолдаған. Онда Азаттықтың 36 журналисіне аккредитация беруден бас тартқан.

Сыртқы істер министрлігі редакцияға жолдаған жауабында Азаттық тілшілерінің “аккредитациясыз жұмыс істегенін” және редакцияның “Жалған ақпарат тарату” бабы бойынша айыппұл алғанын алға тартқан.

Алайда редакция ведомство шешімімен келіспей, сотқа арызданды. Олар соттан министрліктің келтірген дәлел-дәйегін негізсіз деп тануды сұраған. Себебі редакцияның айтуынша, олар аккредитацияға қажет құжатты уақытылы өткізген. Ал министрлік аккредиттеуге қатысты өтінішті қарауы керек уақытта тілшілердің аккредитациясының мерзімі өтпеген.

Factcheck.kz