Алаяқтық | Желіде Onay картасының атынан жарнама таратып жатыр

Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде «Алматы қоғамдық көлігі» аккаунтының жарнамасы тарап жатыр. Онда «мерекеге орай бірыңғай жол жүру картасын небәрі 1 070 теңгеге толтырып, қалада кез келген қоғамдық көлікпен алты ай бойы тегін жүруге болады» деген ақпарат жазылған.

Дегенмен ақпарат алаяқтардың жеке деректеріңізді ұрлау үшін ойлап тапқан амалы болуы мүмкін. Бұл туралы Onay.kz ресми сайты ескертті. Сайттың жазуынша, «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС тегін көлік карталарын, сондай-ақ қоғамдық көлікте 1 жыл тегін жүруге мүмкіндік беретін түрлі бонустар мен артықшылықтарға ие «Бірыңғай» картасын таратпайды, сонымен қатар серіктестік желілеріндегі жеңілдіктер мен т.б. акцияларды жүргізбейді.

Ресми оператор көрсетілген сілтемеге өтіп, жеке деректерді бермеуге шақырды. Расымен жарнаманың сілтемесі Onay картасының ресми сайтына ұқсас дизайнда жасалған, бірақ домені өзге сайтты көрсетеді.

Алаяқтық | Желіде Onay картасының атынан жарнама таратып жатыр

Бұл жеке деректеріңізді ұрлағысы келетін алаяқтардың схемасы болуы мүмкін. Осыған ұқсас алаяқты ақпарат бұған дейін де тараған. Onay баспасөз қызметі де кез келген ақпаратты ресми сайттан алуды немесе байланыс орталығына хабарласуды сұрайды.

Басты беттегі сурет gov.kz сайтынан алынды

Журналист

Factcheck.kz