Ақторғын Ақкенжебаласына жалғыз адамдық пикетке шыққаны үшін айыппұл салынды

22 қаңтар күні белсенді Ақторғын Ақкенжебаласы Алматыда жалғыз адамдық пикетке шығып, Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебекке қолдау білдірді. Белсенді «Сатира — қылмыс емес» және «Сөз бостандығы — өмір сүру құқығы» деген жазуы бар плакат ұстаған. Бірнеше минуттан кейін оны полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Келесі күні сот белсендіге 50 АЕК (196 600 теңге) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы Oyan, Qazaqstan хабарлады.

Ақкенжебаласының да акциясы бұған дейінгі жалғыз адамдық пикеттер сияқты Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының алдында өтті. Белсенді журналистермен сөйлесіп тұрған сәтте, оған арнайы көліктен (автозактан) түскен полиция қызметкерлері мен әкімдік өкілдері жақындаған. Автозак ғимарат маңына алдын ала қойылған.

19 қаңтардан бастап бірнеше жалғыз адамдық пикет қатысушыларына қатысты шара қолданылды: журналистер Руслан Бикетов пен Әсем Жәпішева 15 тәулікке қамауға алынды, белсенділер Сергей Зинченко мен Ақмарал Жәкібаеваға айыппұл салынды, Астанада белсенді Марат Мұсабаев жалғыз адамдық пикетке шыққанымен, оның ұсталғаны туралы ақпарат жоқ.

17 қаңтарда полиция Qaznews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебектің үйін тінтіп, артынша екі айға қамағанын еске салайық. Оған 174-бап бойынша «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылып отыр. Белсендінің адвокаты Жанара Балғабаева Еңсебектің қамалуына ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы сатиралық пост түрткі болған дейді. Оның сөзінше, сотқа дейінгі тергеу амалдары қылмыстық қудалау органының рапортынан басталған.

Басты беттегі сурет Oyan, Qazaqstan телеграм-арнасынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz