Ақтау соты ұшақ апаты аумағын дронмен түсірген блогерді 10 күнге қамады

Ақтаудағы ұшақ апатын түсірген блогер Азамат Сәрсенбаевты сот 10 күнге қамады. Сот шешімінде Сәрсенбаевтың полицияның талабына қарамастан апат аумағын дрон және телефонына түсіргені жазылған. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.

Блогер өзіне тағылған айыппен келіспей, BBC және Reuters-тегі әріптестерінің өтінішімен аумақты түсіргенін, полицияның жұмысына кедергі келтірмегенін айтқан.

Сот шешімі әлі күшіне енбеген. Адвокат шешімді апелляцияға беретінін мәлімдеді.

25 желтоқсанда Бакудан Грозныйға қарай ұшқан Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer-190 ұшағы Ақтау маңында апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында 67 адам: экипаждың бес мүшесінен бөлек, Әзербайжанның – 37 азаматы, Ресейдің – 16, Қазақстанның – 6, Қырғызстанның 3 азаматы болған.

Әуе апатынан 38 адам қаза болды, 29 адам тірі қалған. Олар Ақтаудағы ауруханаға жатқызылған, жеті адамның жағдайы өте ауыр екені хабарланды. Тірі қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.

Апат аумағынан ақпарат таратқан Азамат Сәрсенбаев та көп кешікпей ұсталған.

Басты беттегі сурет ҚР ТЖМ сайтынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz