АҚШ Конгресі Трампқа хат жазып, «Азаттыққа» қатысты жарлықты жоюға үндеді

25 наурызда АҚШ Конгресінің 40-тан астам мүшесі президент Дональд Трампқа хат жолдап, АҚШ ғаламдық медиа агенттігін (USAGM) жабу туралы жарлықты жоюға үндеді. Бұл туралы «Азаттық радиосы» хабарлады.

Хатқа қол қойғандар бұл шешім «Азаттық радиосы» сияқты БАҚ-қа зиянын тигізіп, Ресей, Қытай, Иран және Солтүстік Корея секілді АҚШ-тың қарсыластарына тиімді болатынын айтты. Хатта USAGM қызметінің тоқтауы АҚШ-тың жаһандық ықпалына елеулі соққы болатыны айтылған.

«Гаванадан Каракасқа дейін және Минскіден Тегеранға дейін миллиондаған адам жабық әрі шектеулі ортада қалып қояды. Олар әлем жайлы ақпарат алуға қауқарсыз болады», – деп жазылған хатта. Конгресс мүшелері президенттен бұл жарлықты қайта қарап, USAGM мен оның медиа желілерінің жұмысын тоқтатпауды талап етті.

Өкілдер палатасының мүшесі, Еуропа мәселелері жөніндегі кіші комитеттің жоғары шенді өкілі Билл Китинг «Азаттық радиосы», «Америка дауысы» және «Азат Азия» секілді медиалар жабық қоғамда өмір сүретін адамдарға объектив әрі сенімді ақпарат ұсынып келеді деді.

Бұған дейін АҚШ соты «Азаттық радиосының» USAGM үстінен түсірген шағымына қатысты оң шешім шығарды. Трамптың жарлығынан соң агенттік Конгресс бөлген қаржыны «Азаттық радиосына» беруді тоқтатқан. Медиа бұл шешімді заңсыз деп танып, сотқа жүгінді. Судья «Азаттық радиосын» қаржыландыруды тоқтатуға уақытша тыйым салды.

Контекст

15 наурызда АҚШ президенті Дональд Трамп жеті федералдық агенттіктің, оның ішінде «Америка жаһандық медиа агенттігін» (USAGM) қысқарту туралы жарлыққа қол қойған. USAGM – «Америка дауысы», «Азат Еуропа/Азаттық радиосы» және «Азат Азия радиосының» бас ұйымы.

Өткен айда АҚШ-тың мемлекеттік тиімділік департаментінің (DOGE) жетекшісі, кәсіпкер Илон Маск бұл медиа ұйымдарды жабуды ұсынған.

«Азат Азия радиосының» президенті және атқарушы директоры Бэй Фанг бұл шешімді «диктаторларға жасалған сый» деп атады. Ал «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» басшысы Стивен Капус «Иран аятоллалары, Қытайдың коммунистік басшылары, Мәскеу мен Минскідегі автократтар медианың 75 жылдан кейін жабылуын тойлайды» деп жазды.

Басты беттегі сурет РИА Новости порталынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz