Аида Балаева онлайн-платформа әкімшілерін «заңға қайшы» контентті өшіруге шақырды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева онлайн-платформа әкімшілерін расталмаған ақпарат таратпауға, «заңға қайшы» контентті өшіруге шақырып, желі қолданушыларына ескерту жасады. Бұл туралы «Тіл кеспек жоқ» хабарлады.

«Әлеуметтік желі қолданушыларынан да ойланбай әрекет етпеуді, сондай-ақ заң талаптарына сәйкес онлайн-платформаның бұғатталуы мүмкін жазбалар мен пікірлер қалдырмауды сұраймын», – деді Балаева.

Министр «интернетте жалған ақпарат жиі тарап жатыр, бірақ министрлік тыйым салу шараларына сирек жүгінеді» дейді. Ол желілік ресурстардың әкімшілері де өз әрекеттерінің салдарын түсініп, ақпарат таратуда ең алдымен оқырман мен қоғам алдындағы жауапкершілікті ұғынуға тиіс дейді.

Аида Балаеваның мәліметінше, 2023-2024 жылы заңға қайшы контенттер саны екі есе көбейген. Былтыр 78 539 материал анықталып, оның 24,3 пайызы өшірілген. Министр терроризмді, діни экстремизмді, есірткіні насихаттау, онлайн-казино мен қаржы пирамидаларының жарнамасы көп таралған дейді. Бірақ Балаева қамаудағы Темірлан Еңсебек туралы пікір білдірмеді.

2024 жылы Freedom House халықаралық адам құқықтары ұйымы Қазақстанды «интернеті еркін ел емес» қатарына жатқызды. Бұған дейін QazNews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еңсебек 2 айға қамалған. Оған «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздырды» деген айып тағылған. Еңсебектің жақтастары бұл істің саяси мәні бар деп есептейді. Қазақстанның бірнеше өңірінде белсенділер Темірланның босатылуын талап етіп, «Сатира – қылмыс емес» деген плакат ұстап шыққан. Олардың кейбірі әкімшілік қамауға алынып, кейбіріне айыппұл салынды.

Журналист

Factcheck.kz