2024 жылы киберқылмыстар саны бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Бұл туралы АҚШ Федералдық тергеу бюросы (ФБР) жанындағы Интернет-алаяқтық жөніндегі шағымдар орталығының (IC3) жылдық есебінде айтылды. SecurityLab хабарлауынша, бір жылдың ішінде орталыққа шамамен 860 мың өтініш түскен. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда үштен бір есеге көп.
Алаяқтар мен хакерлерден келген шығын 2024 жылы 16,6 миллиард доллар болған. Бұл IC3 орталығы құрылған 2000 жылдан бергі ең ірі көрсеткіш. Кейінгі бес жыл ішінде орталық 4,2 миллион шағым қабылдап, олардың жалпы шығыны 50,5 миллиард долларға жеткен.
ФБР сарапшылары бұл көрсеткішті цифрлық форматқа көшумен және азаматтардың құқықтық сауаттылығының артуымен байланыстырады. Азаматтар қазір киберқылмысқа жиі ұшырап, құқық қорғау органдарына көбірек шағымдана бастаған. Есепте халықаралық алаяқтық схемаларға да ерекше көңіл бөлінген. Кибершабуылдардың көпшілігі Үндістан мен Ганада орналасқан колл-орталықтардан тарап жатқаны да айтылды. Мұндай қылмыстық әрекеттерге қарсы күрес ұлттық деңгейдегі басым бағыт ретінде белгіленгенімен, нақты қандай шаралар қабылданатыны әзірге белгісіз.
IC3 барлығы 859,5 мың шағым тіркеген. Оның ішінде 256,2 мың жағдайда нақты қаржылық шығын болған. Орташа шығын көлемі – 19,3 мың доллар. Ең көп шағымды егде жастағы азаматтар жолдаған: 60 жастан асқан адамдардан 147 мың шағым түскен, ал олардың жалпы шығыны 4,8 миллиард долларға жеткен.
Кибершабуылдардың ең көп таралған түрі — фишиңнің әртүрлі нұсқасы. Бұл бағытта шамамен 200 мың шағым тіркелген. Одан кейін бопсалау әрекеттері (86 мың шағым), жеке деректердің жария болуы (шамамен 65 мың), жеткізілмеген тауарлар мен қызметтер (50 мыңға жуық), сонымен бірге инвестициялық алаяқтық (47 мыңнан астам өтініш) тіркелген.
Контекст
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең кең тараған қылмыс түрі алаяқтық екен. Одан кейін ұрлық, ал үшінші орында есірткі қылмыстары тұр.