Саяси комментатор Дуглас Макгрегор 7 қаңтарда Дональд Трамптың Данияның автономиялық жері Гренландия аралын сатып алу туралы «келісім жасағаны» жөнінде мәлімдеме жариялады. Snopes хабарламаның рас-өтірігіне көз жеткізді.
«Шұғыл жаңалық: Трамп Гренландияны сатып алу туралы мәміле дайындап жатқаны туралы хабарламалар пайда болды», – деп жазған Макгрегор постында.
2024 жылғы желтоқсанда Дональд Трамптың ұлы Эрик Трамп та Гренландия, Канада және Панама каналының суретін жариялап, «Біз қайтып келдік!» деген жазба шығарған. Трамптың тағы бір ұлы 7 қаңтарда Гренландия астанасы Нуукқа бір күнге ұшып, «Гренландия Америка мен Трампты жақсы көреді!» деген.
Алайда Snopes Трамптың жаңа әкімшілігі Гренландияны сатып алу жөнінде шешімге келгенін дәлелдейтін ақпарат таба алмады. Дания премьер-министрі Метте Фредериксеннің 8 қаңтарда жариялаған жазбасында да Гренландияны сатып алу жөнінде ешнәрсе айтылмаған. Ал Данияның сыртқы істер министрлігі Snopes фактчекерлерін министр Ларс Лёкке Расмуссеннің Reuters-ке берген сұхбатына сілтеген. Онда Расмуссен : «Біз Гренландияның өз амбициясы барын толық мойындаймыз. Егер олар жүзеге асса, Гренландия тәуелсіз болады, бірақ Америка Құрама Штаттарында федералды мемлекет болуға ұмтылуы екіталай», – деп жауап берген.
Трамп Гренландия аралына бұрын президент болған кезінде де көз тіккен. Бірақ премьер-министр Метте Фредериксен Трамптың Гренландияны сатып алу ұсынысын қисынсыз деген.
Гренландия үкіметі АҚШ-тың бұл мәмілесіне қызығады деген де болжам жоқ. Былтыр желтоқсанда Гренландияның премьер-министрі Мут Б.Эгеде «Гренландия біздікі. Біз ешқашан сатылмаймыз» деп мәлімдеген. Эгеде жақында Facebook-те де «Біз күн сайын тәуелсіз болу үшін жұмыс істейміз» деп жазған.