Қазақстан Қытаймен су бөлісу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан алғашқы ел ме?

Сенатта өткен үкімет сағатында ҚР экология министрі Мағзұм Мырзағалиев “Қазақстан Қытаймен су бөлу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқан алғашқы және жалғыз ел” деген мәлімдеме жасады. Ақпарат ҚР Сенатының ресми парақшасына жарияланды. Factcheck.kz деректің қаншалықты шындыққа жанасатынын тексерді.

Қазақстан Қытаймен су бөлісу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан алғашқы ел ме?

Үкім: Манипуляция

Қытайдың Қазақстан және басқа көршілерімен трансшекаралы өзендерге қатысты су бөлу туралы әр түрлі келісімшарттары бұған дейін де болған. Мағзұм Мырзағалиевтің айтқаны неге манипуляция екенін төменнен оқыңыз.

Біріншіден, Қазақстан мен Қытай су мәселесіне келгенде 2001 жылғы келісімге сүйене жұмыс істейді. Бұл туралы Әділет ақпараттық-құқықтық жүйесінде жазылған. “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялау туралы” заңның “Трансшекаралы және шекаралы су” деп аталатын 4-бөлімнің 8-бабында:

Трансшекаралы суларды пайдалану кезінде Қазақстан мен Қытай арасындағы 2001 жылғы 12 қыркүйектегі трансшекаралы өзендерді пайдалану және қорғау туралы ынтымақтастық туралы келісімнің және екі тарап та қатысушы болып табылатын басқа да халықаралық шарттардың ережелерін басшылыққа алады.

Екіншіден, Үндістан мен Қытай арасындағы өзара түсіністік меморандумы бар екенін ұмытпаған жөн. Бұл келісім аясында Қытай тарапы өз аймағынан Үндістанға ағатын Брахмапутра өзені туралы (үндіше атауы) су тасқыны кезіндегі ақпараттарды ұсынып отырады. Келісім әр бес жыл сайын жаңадан қабылданады. Оның үстіне екі ел де 2013 жылы 23 қазанда «Трансшекаралы өзендердегі ынтымақтастықты нығайту туралы өзара түсіністік туралы меморандумға» қол қойды, құжатта басқалармен қатар үш гидрология станциясының жағдайы жайында ақпарат алмасу күшейтілетіні айтылған. Тіпті бір топ ғалым қос ел арасындағы 1950 жылдан бері әр тараптың міндеттері, су саласындағы ынтымақтастық және олардың арасындағы дипломатиялық оқиғалар корреляциясын талдаған.

Үшіншіден, Дүниежүзілік банктің басқаруымен Оңтүстік Азия су бастамасы (SAWI) аясында Қытай да түрлі диалогтарға түсіп, аймақтағы гидрологиялық және экологиялық проблемаларды шешуге қатысады. Мысалы, бірыңғай диалог алаңын құру үшін Брахмапутра өзенінің жағасындағы төрт ел 2014 және 2015 жылдары келіссөздер мен талқылаулар өткізген.

Министрдің айтқанынан Қазақстан мен Қытай гидрология саласында алғаш рет біріге жұмыс істеп жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ бұл қате пікір. Мысалы, 2008 жылы екі ел бірлесіп ауылшаруашылық жерлерін суландыру үшін Сүмбе өзенінің шекара учаскесіне су қабылдайтын шлюз салды. Кейін Қазақстан жағында шөгінділер проблемасы туындағандықтан еліміз қондырғыны жаңартуды ұсынған.

2012 жылы қос ел Қытайға суды шығаруға кедергі болмастан Қазақстанға су проблемасын шешуге көмектесетін жобаны жүзеге асыруға келісті. Ол 2017 жылғы желтоқсанда басталған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz