Фактчек | Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі тектоникалық қарудан болды

6 ақпанда Түркия мен Сирияда жойқын жер сілкінісі болып, он мыңдаған адамның өмірін қиды. Оқиғадан кейін бірден желіде зілзала қолдан жасалды және Түркияға қарсы тектоникалық қару қолданылды деген қастандық теориялары тарай бастады (12345).

Factcheck.kz ұжымы зілзаланы жасанды түрде ұйымдастыруға және оны қару ретінде қолдануға бола ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Жалған

Тектоникалық қару жиі спекуляция мен қастандық теорияларының тақырыбына айналғанымен, оның бар екені әлі дәлелденген жоқ. БАҚ-та мұндай қаруды жасауға ХХ ғасырдың екінші жартысында талпыныс болғаны туралы үзік ақпарат (12) табуға болады. Бірақ әскерилер мен сейсмологтар мұндай қаруды қуаттау үшін ойға қонымсыз күш керек екенін, сонымен қатар оны белгілі бір мақсатта пайдалану мүмкін емес екенін ескеріп, тактикалық түрде тиімді пайдалану қиын дейді. Себебі зілзаланы жасанды жолмен шақыру салдары жер шарының басқа бөліктеріндегі үлкен катаклизмдерге әкеп соғуы мүмкін.

Түркиядағы жер сілкінісінің ерекше табиғаты мен күшіне қатысты пікірлер шындыққа жанаспайды – аймақ төрт тектоникалық тақтаның түйіскен жерінде орналасқан және ғаламшардағы ең сейсмикалық қауіпті өңірдің біріне жатады. Зардап шеккендердің көп болуына жерасты дүмпуінің күші ғана емес, ғимараттар сапасының нашар болғаны, құрылыс ережелерінің бұзылғаны, ең қуатты дүмпу тығыз орналасқан аймақта болғаны және таңертеңгі уақыт болғандықтан адамдар ұйықтап жатып, дер кезінде үйлерінен шығып кете алмағаны әсер етті.

Толығырақ: МГД-генераторлар, HAARP және Warrior спутниктері

7 ақпанда-ақ, яғни екі жойқын зілзала мен жүздеген афтершоктан кейін желіде апат табиғи емес, қолдан жасалған деген теория тарай бастады. Оның ішінде БАҚ әлдебір ирандық журналист, орыс тіліндегі Telegram-арна жүргізушісі Хаял Муаззинге сілтеме жасаған. 8 ақпанда ол өз арнасына екі пост жариялап (12), Түркиядағы зілзалаға Израиль мен АҚШ-тың қатысы туралы болжамын айтады. Бұған дейін Муаззин таратқан фейктерді әзербайжандық Fakt Yoxla фактчекиң басылымы әшкерелеген.

Қастандық теорияларында жер сілкінісіне әсер ететін түрлі құралдар айтылған:  электромагниттік сәулелендіргіш, бағытталған жарылыстарды және магнитогидродинамикалық (МГД) генераторларды пайдалану, сондай-ақ Аляскадағы америкалық HAARP жүйесінің жұмысы және жердің қабатына титан сырықтарды жіберетін Warrior спутниктері.

МГД-генераторларды пайдаланғаны туралы теорияға сенсек, генератор «жүк автокөлігіне орнатылады және жер қабығына жер сілкінісін тудыруға қабілетті өте қуатты электромагнитті импульсті жібереді». Шын мәнінде, МГД-генератор дегеніміз – жылу энергиясын магнитті индукцияның көмегімен электр энергиясына айналдыратын құрылғы, ол бағытталған электромагнитті импульсті емес, тұрақты ток бөліп отырады.  Оған қоса шынайы электромагнитті сәулелендіргішті мақалада айтылған тәсілмен қолдануға болмайды: өткізгіш орта арқылы өткен толқын энергиясының бір бөлігі жоғалады, жылуға айналады да, айналасындағы заттарды қыздырады. Сол себепті бірнеше шақырым тереңдегі жарылған жерлерге әсер ету үшін өте күшті таратқыш қажет болар еді, оны жердің беткі қабатында пайдалану өте жоғары температураға дейін қыздырар еді, ал оны байқамау мүмкін емес.

Сонымен қатар зілзала тудыру үшін ядролық бомба жаруы мүмкін деген болжам бар. Ядролық бомбаны басқа мемлекеттің аумағына соншалық тереңдікке қалай білдірмей орнату мүмкін екенін былай қойғанның өзінде, геологтар Түркиядағыдай зілзаланы ядролық жарылыс тудыруы мүмкін емес не мүмкіндігі өте төмен дейді.

Америкалық HAARP (жоғары жиілікті радиотолқындардың ионосфералық шашырауын зерттеу бағдарламасы) мен осыған ұқсас құрылғыларды осы  принцип, яғни күштің жеткіліксіздігінен «күдіктілер» қатарынан шығарып тастаймыз. Құрылғылар күші 4,8 МВт-қа дейін сәулелендіреді, олар атмосфераға қысқа радиотолқындардың бір бөлігін жіберуге қабілетті. Жердің жоғары ионосферасына сіңіп кеткен бұл сәуле оны қыздырып, басқа да жергілікті ұйытқуларды тудыруы мүмкін. Бөлшектердің, толқындардың және өрістердің осыған байланысты әрекетін жердегі және ғарыштық датчиктер тіркейді және олардың көмегімен табылған радиотолқындардың тарау заңдары барған сайын жетілдірілген және сенімді байланыс жүйелерін құруға көмектеседі.

Фактчек | Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі тектоникалық қарудан болды
Асякадағы HAARP, АҚШ  (Дереккөз: Аляска университеті)

«Танымал механика» журналы HAARP-да жұмыс істейтін профессор Умран Инанның сөзін былай деп жазған:

HAARP-дың сәулелену энергиясы үлкен, бірақ ол бір ғана найзағайдың энергиясымен салыстырғанда еленбей қалатындай аз. Ал атмосферада әр секунд сайын 50-ден 100-ге дейін найзағай жарқылдайды.

Атмосфераға әсер ету үшін станцияның қуаты жеткіліксіз – тіпті «қарапайым» поляр шұғыласының өзін мұндай станциялар бір рет қана, оның өзінде жағдайдың кездейсоқ сәйкестігінің арқасында қолдан жасаған. Тектоникалық тақталарға әсер ету туралы тіпті сөз қозғаудың өзі артық. Сонымен қатар, әрекет ету механизмі мен станцияның ғылыми мақсаттары, сондай-ақ деректерді пайдалануға әскеридің қызығушылық танытуын көпшілік толық түсінбейді, соның салдарынан өте көп қастандық теориялары тарады – табиғи катаклизмдер, ұшақтардың құлауы мен тіпті созылмалы шаршау синдромының таралуына да HAARP-ді кінәлады.

Тектоникалық жарықтардан зілзала шақыру үшін Warrior спутниктері қолданылғаны туралы теория желіде 17 ақпанда, Түрік Ғарыш агенттігінің басшысы Сердар Хусейн Йылдырымның сөзін БАҚ таратқаннан кейін пайда болды. Ол былай деген:

Ғарыштан кез келген мақсатқа титан қорытпасынан жасалған 10 метрлік сырықты жібере алатын Warrior спутниктері бар! Олар жерге 5 шақырым тереңдікке еніп, 7-8 балдық жер сілкінісін тудырады…

Түріктердің Malumatfurus фактчекиң ресурсы шенеуніктің сөзі контекстен жұлынып алынғанын анықтады: видеоның түпнұсқасы бірнеше жыл бұрын Сердар Хусейн Йылдырым Стратегиялық ойлау институтында сөйлеген кезде түсірілген. Йылдырым мырза өрістетіп, жер маңайындағы орбитада пайдаланған жағдайда жер бетінен шағын қаланы жойып жіберуі мүмкін қару-жарақ жүйесі туралы айтқан. Өзінің  Twitter парақшасында Ғарыш агенттігінің басшысы шынында бар қару туралы емес, жасалуы мүмкін қару туралы айтқанын, ал ақпанда Түркия мен Сирияда болған зілзалаға мұндай қарудың қатысы жоқ екенін, бұл табиғат апаты болғанын атап өтті.

Malumatfurus зерттеуі бойынша, жерге спутниктерден жіберілетін, снаряды бар «кинетикалық ғарыш қаруы» шынында қырғи-қабақ соғыс кезінде дайындалған. Бірақ бұл жобалардың бағасы қымбат, ал тиімділігі төмен болғандықтан сол күйі жүзеге аспай қалды.

Қолдан жасалған жер сілкінісі

Ғалымдардың пікірінше, зілзаланы адамның іс-әрекеті тудыруы мүмкін, бірақ, тектоникалық қару туралы ғылыми-фантастикалық теорияларға қатысы жоқ. Шындығында бәрі әлдеқайда қарапайым — сейсмикалық белсенділікке жердің қалың қабатындағы қуыстарды бұрғылау және жер бетіне қосымша қысым жасау әсер етеді. Мұнай мен газ өндіру, минералдарды шектен тыс өндіру, сондай-ақ геологиялық жарық аймақтарында дамба салу – техногенді жер сілкінісінің негізгі себептері.

Фактчек | Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі тектоникалық қарудан болды
АҚШ-тың Оклахома штатында көмірсутек өндіру өңірдің сейсмикалық белсенділігін 5000%-ға арттырып жіберген.

Техногендік зілзаланың ең жиі кездесетін себебі – тақтатасты көмірсутек өндіру. Ол үшін жер қойнауын сумен ажырату тәсілі қолданылады.

Тақтатасты газ бен мұнай тығыздығы төмен жерлерде өндіріледі. Тау жынысынан қазба отыны көп шығу үшін жер қабатына көп көлемдегі суды айдап жібереді, соның салдарынан жарықшақ пайда болады. Газ бен мұнай жарықшақтар арқылы ұңғыманың тығындалған жеріне шығады, оны жерден беткі қабатқа тартып алады. Көп көлемдегі суды айдау жер қабатына қысым жасап, бірнеше шақырым тереңдіктегі жарықтардың көбеюіне әкеп соғады.

Фактчек | Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі тектоникалық қарудан болды

Америкалық сейсмологтар 2009 жылдан бастап АҚШ-тың бірқатар штатында жер сілкіну жиілігі бірден артқанын атап өтті. Мәселен, Оклахомада тұрғындарға сезілетін жерасты дүмпуі 2009 жылы біреуден, 2014 жылы 300-ден астамға дейін артты. Мұндай оқиғаны көбіне сол кезеңде тақтатасты газды өндіру төрт есеге артқанымен байланыстырып отыр.

Фактчек | Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі тектоникалық қарудан болды
Кузбасстағы Бачатский көмір разрезі, онда 2013 жылы магнитудасы 6,1 балдық техногенді зілзала болды (Сурет дереккөзі: Живой Журнал)

Жер астынан минералдарды, әсіресе көмірді өндіру зілзала тудыру мүмкіндігі жағынан екінші орында тұр. Қазбаларды көп мөлшерде алу шөгінді жыныстардағы кернеу бөлінуінің опырылуына әкеледі, ал өндірілген материалды тау-кен орнына жақын жерде сақтау плиталарға қосымша күш түсіреді. Кернеу өскендіктен разряд пайда болып, жер сілкінеді. Сондай-ақ разрядқа минералдарды өндіру орындарындағы тау-кен жыныстарын ұсату үшін жасалатын технологиялық жарылыстар себеп болады.

Фактчек | Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі тектоникалық қарудан болды
Сейсмикалық белсенділікке әсері алғаш тіркелген, яғни бөгет құрылысы мен жер сілкінісі өзара байланысты делінген Гувера бөгеті мен Мид су қоймасы (көл).

Ірі бөгеттердің құрылысы екі себеппен сейсмикалық белсенділікке әсер етеді. Біріншісі – беткі қабатқа жүктеме бірден артып кеткендіктен су қоймасын толтырған кезде топырақ қыртысы майысады, содан тіпті шамалы ғана опырылған жерлер қысылып, оған қосымша қысым түседі. Екінші себеп – топырақтағы кеуек қысымының артуы және тау-жыныстарын шаю. Бұл туралы «Инженерная защита» журналы былай дейді:

 Кеуек қысымы гемостатикалық жүктемені бейтараптандырады, үйкелісті азайтады және тектоникалық кернеулердің босатылуы және жер сілкінісі ошақтарының пайда болуымен блоктардың бұрын пайда болған жарықтар бойынша ауысуына әкеледі […] Кеуек қысымының жоғарылауы тау жыныстары беріктігінің төмендеуіне әкелгені соншалық, тау жыныстарының массивінде болған, бірақ су қоймасы құрылғанға дейін оны тудыру мүмкін болмаған кернеулерде жарық пайда болуы мүмкін […] Бұл қысқамерзімді кезең, ал су қоймасын құру жарық, жарықшақтардың пайда болу процесін жеделдетеді, соның салдарынан қуатты зілзала болуы мүмкін […] Су қоймасының суы (белгілі бір арын градиентін құрған жағдайда) табиғи кернеудің шаппалы механизмі сияқты әсер етеді.

Николай Иванович Николаев, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ММУ неотектоника және сейсмотектоника зертханасының меңгерушісі

Геологтар мен сейсмологтар адамның әрекетінен болған оқиғалар, әдетте, төменгі магнитудамен (4-5–ке дейін) шектелетінін мойындайды. Дегенмен одан да күшті антропогендік зілзалалар тіркелді – АҚШ-тың Оклахома штатында 2011 жылы болған 5,7 балдық дүмпу, 1989 жылы аустралиялық Ньюкаслдағы 5,6 балдық зілзала, 1976 және 1984 жылдары Өзбекстанның Газли қаласында болған 7,3 және 7,2 балдық екі жер сілкінісі. Сондай-ақ ғалымдар кернеу жинақталуы мүмкін екенін ескертеді, яғни магнитудасы 3,0 болатын он дүмпуге 4,0 балдық біреу, ал уақыт өте келе 5,0 және одан да жоғары зілзала тіркелуі мүмкін. 5,0 деген балл Түркиядағы 7,8 балдық дүмпумен салыстырғанда аз болып көрінуі мүмкін, бірақ жоғарыда айтып өткен Ньюкаслда жер сілкінген кезде 13 адам қаза тауып, 160 тұрғын жарақат алды. Ал жалпы залал көлемі 8,5 миллиард аустралия долларына жетті.

Тафтс университеті мен Бхубанешвардағы Үндістан технологиялық университеті ғалымдарының 2019 жылы Science журналында жарияланған зерттеуінде жарықтардағы кернеу жер қабатының басқа да бөліктеріне берілуі мүмкін екені, сол себепті геологиялық тұрғыда әсер етуі мүмкін аймақтардан алыста орналасқан өңірлерде жер сілкінісін тудыруы мүмкін деген қорытындыға келген. Сычуандағы жойқын зілзала, болжам бойынша, эпицентрден 20 шақырым жердегі Цзипингпу өзеніндегі бөгет толып кеткендіктен болған. Зерттеушілердің пікірінше, су массасы жер қабатына қысымды көбейтіп, жарылған жерлерде жерасты дүмпуін тудырған. Ғалымдар бөгет болмағанда бұл өңірде ондаған, тіпті жүздеген жыл бойы зілзала болмайтын еді деп атап өтті.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, сейсмикалық белсенділікті арттырудың жалғыз жолы – өңірде өте үлкен көлемде қазба өндіруді я сейсмикалық қауіпті аймақтарға жақын жерде бөгет құрылысын бастау. Сонымен қатар кернеу қалай бөлінетінін, техногендік әсерден нақты қай жерде жер сілкінетінін және олардың қуаты қандай болатынын болжау мүмкін емес. Сол себепті мұндай әрекеттерді тектоникалық қару деп атауға келмейтін де сияқты.

Factcheck.kz