Фактчек | Қазақстан сотталғандар саны бойынша рейтингте 100-орында тұр

19 қазан күні өткен брифингте Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов түрмедегі адамдар саны туралы біраз дерек келтіріп, олардың саны бойынша Қазақстан әлем рейтингісінде 100-орында тұрғанын айтты. Біз бұл ақпаратты әлемдік статистикаға сүйене отырып тексеруді жөн көрдік.

“Сотталғандар саны бойынша әлем рейтингісінде” Қазақстан 100-орында тұр. 18 жыл бұрын біз АҚШ пен Ресейден кейін алғашқы үштікке кіретін едік.

Жанат Ешмағамбетов

Үкім: Техникалық қате

Әлемдегі түрме жүйелері туралы деректердің онлайн базасы “The World Prison Brief“-тегі ақпаратқа сай, түрмедегі адам саны бойынша Қазақстан 54-орында. Рейтингте елімізде 29 403 адам түрмеде отыр деп көрсетілген. Онлайн базаның дерегінде 100 мың адамға шаққандағы түрмеде отырғандар саны 157-ге тең, тиісінше 223 елдің ішінде Қазақстан 100-орында тұр. Ж. Ешмағамбетов соны айтқысы келсе керек.

Дәл осы дерек бойынша 18 жыл бұрын алғашқы үштікке кіргеніміз туралы ақпарат біраз даулы. Себебі, 100 мың адамға шаққандағы түрмеде отырған адамдар саны Қазақстанда алғашқылардың қатарында болса да, үштікке кірді деу қате. 2002 жылы АҚШ-та бұл көрсеткіш 703, Ресейде 675 болған, Мальдив Республикасында 667 адам. Сол жылы Қазақстанда түрмеде отырғандар саны жүз мың адамға шаққанда 566-ға тең-ді.

Соңғы он жылда Қазақстанда жазасын өтеп жатқандардың саны 2 есеге дейін азайған

Жанат Ешмағамбетов

Үкім: Шындық

The World Prison Brief-те бар дерекке сай, осыдан он жыл бұрын елімізде түрмеде 63 643 адам болса, қазір 29 403 адам отыр.

Түрмедегі адам санының азаюы заңның ізгілендірілуімен түсіндіріледі. Жоғарғы соттың соты Аслан Түкиев мұның 2010 жылы басталғанын айтады.

2014 жылы Қылмыстық және қылмыстық-атқару кодекстері қабылданды. Олар қылмыстық заңның репрессивтілігін төмендетті. Жаңа Қылмыстық кодексте (ҚК) ескі ҚК-дегі 784 композицияның 226-сына салынған санкциялар жеңілдетілді. Яғни, әрбір үшінші құрам үшін онша ауыр емес жазалар бас бостандығынан айырмай-ақ балама санкциялармен қарастырылған.

Аслан Түкиев

Фактчекер-журналист. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өтті, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы.

Factcheck.kz