Дональд Трамптың IQ деңгейі расымен 73 балл ма?

Екінші мәрте АҚШ президенті боп сайланған Дональд Трамптың ақыл-ойы ол президенттікке келмей тұрып та сөз болған. Ал қазір желіде әлдебір газеттегі “Трамптың IQ-і небәрі 73” деген ақпарат қызу талқыланып жатыр. Snopes мақаланың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Мақаланы бөліскен қолданушылар “IQ деңгейі 73 болған адамнан не күтесің”, “бұл бейбақтың сөздік қоры шамамен 4-сынып оқушысының деңгейі сияқты, сыни тұрғыдан ойлау қабілеті жоқ” деп жазып жатыр.

Дональд Трамптың IQ деңгейі расымен 73 балл ма?
X желісіндегі @angiespizelles постының скрині

Желіде лезде тараған мақалада Трамп туралы былай делінген:

Президент Дональд Трамптың Нью-Йорк әскери академиясында бірінші курста оқыған кездегі IQ тестінің нәтижелері Бруклиндегі шкафта табылды. Тест нәтижесіне сәйкес Трамптың IQ деңгейі 73 балл. Бұл құжатты бейсенбіде кіші Уильям Аскью марқұм әкесінің пәтерін тазалап жатқан кезде тапқан.

“Әкем 1955 жылдан 1985 жылға дейін Нью-Йорк әскери академиясында мектеп кеңесшісі болды. Ол тесттерді жинауға және бағалау бөліміне жіберуге жауапты болды”, – деді Аскью.

Аскью Трамп әскери дайындық мектебіне барған кезде әкесінің мектеп кеңесшісі болып істегенін растайтын фотоларды көрсетті.

“Менің ойымша, бұл ешкімге жаңалық болмауы керек. Бұл жігіттің нағыз ақымақ екені анық”, – дейді ол. 

Snopes басылымы дәл осы мәлімдемені 2019 жылы да тексерген. Басылым бұл мақаланы қолдан жасалған деді. Өйткені айтылған нәрселерді дәлелдейтін сенімді ақпарат немесе архив жоқ. Тіпті Уильям Аскьюдің оқиғасы басқа жерлерде жарияланбаған. Snopes Трамптың президент болмай тұрған кезінен де ондай ақпарат таба алмапты.  

Ал газеттегі суретте Уильям Аскью мен оның әкесі емес. Сол жақтағы кіші Аскьюдің суреті Adobe Stock платформасында жасалған,  ал оң жақ фотода шын мәнінде 1950 жылы Солтүстік Дакотадағы Гранд Форкс мектебінің директоры Лоуренс Хансон бейнеленген.

Бұдан бөлек, әскери академияға Трамппен қатар барған Джек Серафин есімді түлек мектептегі тестілеу жөнінде айтып берді. Оның сөзінше, мектепте IQ тесттері өткізілгені есінде жоқ.

“Мен дайындық мектебіне өтініш беретін кезде тек SAT тестін ғана тапсырғанмын. Бұл Нью-Йорк әскери академиясында емес, басқа жерде болды”, – дейді Джек.

Джек Серафин NYMA-да 1962 жылдан 1967 жылға дейін оқыған, емтихан нәтижесін жақсарту үшін оқуын тағы бір жылға созған. Мектепті бітіргеннен кейін де қызметкерлермен үнемі байланыста болған. Ол академия қызметкерлерімен жақсы араласқанын, бірақ Уильям Аскью туралы білмейтінін айтты.

Аталған зерттеулер “Трамптың IQ деңгейі бар болғаны 73” деген ақпараттың жалған екенін дәлелдейді. 

Басты беттегі сурет NBC News порталынан алынды.

Журналист

Factcheck.kz